«Семей орманындағы» өртті сөндіруге бес тікұшақ жұмылдырылды

«Семей орманындағы» өртті сөндіруге бес тікұшақ жұмылдырылды
112 KZ

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта тілсіз жаумен күреске бес тікұшақ пен 350-ден астам адам жұмылдырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылғы 16 шілде сағат 14:50-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 97 қызметкері мен 38 техникасы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 158 қызметкері мен 22 техникасы, ҚР Ішкі істер министрлігінің 101 қызметкері мен 25 техникасы тартылды.

Сонымен қатар өртті ауыздықтауға «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның екі тікұшағы, ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-17 және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшақтары қатысуда.

Әуе техникасы арқылы жалпы 82 рет су төгу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде «Қазавиаорманқорғау» тікұшақтары 58 рет, Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы 19 рет, ал ҰҚК-нің Ми-8 тікұшағы 5 рет су төккен.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің жалпы аумағы шамамен 60 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орман алқабында тіркелген, кей жерлерде төменгі өрт жоғарғы өртке ұласқан.

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Үкіметтің мәліметінше, жағдайды Премьер-министр жеке бақылауында ұстап отыр. Жауапты мемлекеттік органдардың басшылары оған сағат сайын жедел ақпарат беруде.