SCAT пен Boeing келіссөз үстелінде: Шымкентте техорталық ашылуы мүмкін

Самал Асқар 20 ақп. 2026 14:52

АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Boeing корпорациясының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесуде жаңа ұшақтар сатып алу және Шымкентте техникалық қызмет көрсету орталығын ашу мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Air Astana, SCAT және Vietjet Qazaqstan әуе тасымалдаушылары бірлескен жобаларды ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті. Президент Air Astana мен Boeing арасындағы әуе кемелерін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілгенін құптады.

Жоспар бойынша, 2026 жылдың екінші жартысында Қазақстанға Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіледі. Бұл АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар SCAT компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, әуекомпания Шымкент әуежайында Boeing-пен серіктестікте техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша алғашқы орталық ашу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл жоба жүзеге асса, Қазақстанның оңтүстігі өңірлік авиациялық хабқа айналуы ықтимал.

Boeing компаниясының өкілі Джефф Шокки цифрландыру бағытындағы жоспарларымен бөлісіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін жоғары бағалады. Ол жүк авиациясы саласында ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар екенін айтты.

Кездесу барысында отандық авиация саласына мамандар даярлау және жүк ұшақтары паркін дамыту мәселелері де қозғалды.

Айта кетейік, бұған дейін Президент АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясының атқарушы директоры Бен Блэкпен де кездесу өткізген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove