Саяси дода өтті

Dalanews 12 ақп. 2016 05:21 762

2016 жылдың ақпан айының 1 мен 5 күндері аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен «Қытайтану апталығы» өтті. Аптаның әр күніне орналастырылған түрлі іс-шараларды жұма күні өткен саяси дода қортындады.

«Жаһандық саясаттағы Қытайдың орны» деген тақырыппен өткен саяси сайысқа үш команда қатысты. Олар: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің «Жібек жолы», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің «Шығыс жұлдызы» және Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Жас Абылай» командалары. Қытайдың бүгінгі таңда әлемдік аренада жүргізіп отырған саясатын, сыртқы саясатындағы ұстанған бағытын, халықаралық байланыстарды жүргізудегі қытайлық өзіндік ерекшеліктерді жан-жақты талқылаған бұл сайыста Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұқаметханұлы Нәбижан бастаған белді саясаттанушылар мен халықаралық қатынастар саласының мамандары қазылық етті. Саяси додаға арнайы қонақтар ретінде Чехия Республикасы ғылым академиясының шығыстану инситутының мамандары, PhD докторлар  Ондрей Климаш пен Вера Экснаревалар қатысты.

Саяси доданың алдын ала дайындалған бағдарламасы бойынша, сайыс командалардың өздерін таныстаруынан бастап, тақырыпқа сәйкес жүргізушінің командаларға сұрағы, жанкүйерлердің командаларға сұрағы, жүргізушінің жанкүйерлерге сұрағы және капитандардың арасындағы сайысы сияқты бөлімдерден тұрды.

Қазіргі кезде әлемдік аренада ықпалы күшейіп, негізгі «ойыншылардың» біріне айналып келе жатқан Қытайдың бүгінгі жүргізіп отырған саясатына байланысты қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беруге тырысқан қатысушылар, бүкіл білімдерін ортаға салды.

Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Жас Абылай» командасы өздерінің болашақ мықты мамандар екенін барынша дәлелдеп бақты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінде жұмыс жасайтын «Шығыс жұлдызы» үйірмесі мүшелерінен құралған, осы аттас команда өздерінің білімдерімен, біліктілігімен, сұраққа ұтымды да, дұрыс жауап беруімен бірден көзге түсті. Алайда, жарыс соңына қарай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің «Жібек жолы» командасы өздерінің қытайтанушы мамандар екенін тағы бір дәлелдеп, жеңісті қарсыластарының қолынан жұлып әкетті. Әсіресе, команда капитаны Илип Айдана өзінің білімімен, белсенділігімен ерекшеленіп, командасын алға сүйреп шықты.

Нәтижесінде «Жас Абылай» командасы үшінші орынға, «Шығыс жұлдызы» екінші орынға тұрақтады. Ал сайыстың жеңімпазы болып «Жібек жолы» командасы жарияланды. «Шығыс жұлдызы» командасының капитаны Қайым Сұлтанбек «Ең үздік спикер» болып танылды.

Командалар Қытай туралы жазылған танымдық және ғылыми құнды кітаптармен мараппатталды. Саяси додаға қатысушылар осындай сайысты дәстүрлі түрде өтетін іс-шараға айналдыру керек екенін айтып, келесі жылы Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде жиналатын болып шешті.

Керімбаев Е.Ә.,

Түргенбай А.А.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының оқытушылары

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар