Танымал саясаттанушы Данияр Әшімбаев Ұлттық құрылтайды сынайтындарға жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV пленарлық отырысы өтеді. Кейінгі кезде осы кеңес органы туралы түрлі сын-пікірлер айтылып жүр, «Құрылтайдың отырыстары алдын ала жазылған сценарий бойынша өтеді», «Шешімдер жоғарыдан бекітіледі» деген ойлар да бар. Мен бұған келіспеймін», - деді ол.
Сарапшының сөзінше, Ұлттық құрылтай және оның алдындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі шын мәнінде қоғам мен билік арасында нағыз кәсіби, шынайы диалог алаңына айналған.
«Мұнда сарапшылар, қоғам белсенділері, билік өкілдері арасында қызу талқылаулар болып тұрады. Пікірталастар тек үлкен жиындарда емес, секция отырыстарында, кездесулерде де ашық әрі жанды түрде өтіп жатыр. Құрылтай жұмысы жылына бір рет емес, үздіксіз, жүйелі түрде жүріп жатыр», - деді Әшімбаев.
Оның пікірінше, өз ойыңды ашық айтып, оған тұшымды жауап, орынды уәж естудің өзі өте маңызды, оған қоса осы уақыт ішінде құрылтай алаңында талқыланған ұсыныстар нақты саяси шешімдерге айналып үлгерген.
«Соның ішіндегі ең елеулісі 2022 жылғы конституциялық реформа да осы құрылтай аясында талқыланған болатын.
Тағы бір маңызды жайт: бұл алаң тек Президент әкімшілігі, Үкімет немесе сарапшылармен ғана шектелмейді. Мұнда Қазақстан халқы ассамблеясы, өңірлік қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйым өкілдері де өз ойын еркін айтып, пікірін білдіре алады.
Осындай ерекше диалог алаңы құрылуына мұрындық болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқым келеді. Бұл – шын мәніндегі диалог институты. Сондай-ақ, құрылтай жұмысына күнделікті басшылық етіп, сарапшылар арасында жоғары деңгейдегі үйлесімді ұйымдастырып жүрген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге де алғысым зор», - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.