Шахтинскіде мас ер адам газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытқан

Шахтинскіде мас ер адам газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытқан
Ашық дереккөз

Шахтинскіде мас күйінде газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытқан ер адам 16 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 2 қыркүйекте болған. Азамат С. алкогольдік ішімдік ішіп, тұрғын үйде газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытқан. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері есікті ашуды талап еткен, алайда ол талапты орындамай, балағат сөздер айтқан.

Жағдайдың қауіптілігіне байланысты оқиға орнына Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, соның ішінде тұрғындарды эвакуациялау үшін мамандар шақырылған. Біраз уақыттан кейін ер адам есікті өзі ашқан. Оны ұстау кезінде полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған.

Оқиға салдарынан бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.

Сотта ер адамның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, куәлардың түсініктемелерімен және сот отырысында зерттелген басқа да дәлелдермен расталған.

Шахтинск қалалық сотының 3 қыркүйектегі қаулысымен С. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-бөлігі және 667-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

434-баптың 2-бөлігі бойынша оған 15 тәулік, ал 667-баптың 1-бөлігі бойынша 1 тәулік әкімшілік қамау тағайындалды. Жазаларды біріктіру нәтижесінде ер адам 16 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сот жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың сипатын, кінәлінің жеке басын, сондай-ақ құқық бұзушылыққа дейінгі және кейінгі мінез-құлқын ескерген. Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде оның жасаған әрекетіне өкінуі танылды.

Сонымен қатар С.-ның мінез-құлқына 3 ай мерзімге арнайы талаптар белгіленді. Оған алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды. Сондай-ақ профилактикалық әңгімелесу үшін айына үш рет Шахтинск қаласының полиция бөліміне келу міндеті жүктелді.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.