САУСАҚ  БІРІКПЕЙ, ИНЕ  ІЛІКПЕЙДІ

Dalanews 23 қаң. 2024 05:55 864

 Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында   Президенттің  «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыппен шыққан сұхбатын талқылауға арналған кездесу өтті. Іс-шараға AMANAT партиясы Медеу аудандық филиалының төрағасы Азат Ажиманов, Абай атындағы ҚазҰПУ саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Құдайбергенұлы  және өнер ордасының әкімшілік қызметкерлері мен ұжымы қатысты. Кездесуді ашқан  Азат Ажиманов сұхбат қоғамдық пікірге қозғау салғанын айта келіп,  маңызды тұстарына шолу жасай отырып,  Жомарт Құдайбергенұлына сөз берді. Жомарт Құдайбергенұлы болса  сұхбатта айтылған саяси  бастамаларға тоқталды.



– Президентіміз өткен жылды Абайға арнап бастаса, биыл әр қазақстандықты жігерлендіретін, қайраттандыратын сұхбатымен ерекшеленді. Тұщына оқып, көкейге тоқып, және соны халыққа жеткізу үстіндеміз. Жалпы сұхбатты үш үлкен бөлікке қарастыруға болады. Біріншісі, мемлекеттің ішкі саясатындағы өзекті әлеуметтік мәселелер жіктеліп, түсіндірілсе, екінші үлкен бөліміне сыртқы саясаттағы қарым-қатынастарды жатқызуға болады.



Алпауыт елдермен көршілес отырған мемлекетіміз бұл жолда үлкен парасаттылық танытпаса, қауіпті екенін бәріміз білеміз. Ал соңғы топқа алдағы кезеңдердегі стратегиялық бағыттарды жатқызамыз. Болашаққа бағдармен қарайтын саясаткер ретінде Қ.Кемелұлы бұл жерде де көптің көкейідле жүрген түйткілді мәселелерді ескерусіз қалдырмай, жан-жақты саралап берген.



Өзім де  саясаткер болғандықтан соңғы уақыттарда елімізде болып жатқан саяси үрдістерді оңды жағынан бағалап жүрмін, - деген Жомарт мырзаның сөзін AMANAT партиясы Медеу аудандық филиалының төрағасы Азат Алимханұлы  құптады.

– Биылғы жылды Мемлекет басшысы ерекше жыл деп атағанын білеміз. Өйткені биыл еліміздің абыройын, беделін танытатын бірнеше халықаралық жиын өтпек. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырысы да көктемге жоспарланып отыр. Бірнеше айтулы даталар  бар.  Оған қоса идеологиялық жұмыстарымызды да ақсатпауымыз  керекпіз.  Қазақта «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген тәмсіл бар, ендеше бәріміз ауызбіршілікте еңбек етіп, ел мерейін асқақтатуға атсалысайық. 



Кездесуді қорытындылаған филармонияның директоры Ақан Абдуалиев сұхбаттағы  «заң мен тәртіп» қағи­датының орныққанын қалайтын Президент бастамасын бір кісідей қолдауға шақырды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтудың өзі көңілге сеп беретіндігін жеткізді.  Бабалар қанымен, Алаштың жанымен жеткен тәуелсіздігіміздің құндылығын бағалап, ұлттық рухта ортақ мақсатқа біріге еңбек етейік деген тілегін жеткізді.



Және AMANAT партиясы Медеу аудандық филиалының төрағасы Азат Ажимановқа, Абай атындағы ҚазҰПУ саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Құдайбергенұлына филармония ұжымының атынан алғыс білдірді.

Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар