Сәуленің алғашқы "мұғалімі"

Dalanews 28 ақп. 2023 05:00 1026

Есеннің үйге кірген бетте алдынан таяуда ғана төртке толған Сәуле жүгіріп шықты. Күндегі әдеті осы. Әйтсе де бүгін оның үлкен тана көздерінен ерекше бір шаттық шоғы ұшқындап тұрғанын байқады.

– Әке, – дейді ол сыртқы киімдерін шеше бастаған оның аяғына оралып, – Мен кітап оқи аламын.

Жақсы, жақсы, – дей салды әкесі бұған бей-жай ғана. – Саған кітап оқуды үйретіп жүрген анау ағаң шығар?

– Жоқ, жоқ, әке. Болат сабағын қарағанда мені қасына да жолатпайды. Ол менің мұғалімім емес.

– Е... е... солай де, айнам, – деп сүйікті қызының жандүниесіндегі жаңалыққа ден қойған Есен қолына газетті алып, қонақ бөлмедегі мамық диванға көміліп отыра кетті.

Бұл аралықта кішкентай Сәуле қолына қалам алып, бір парақ ақ қағазға жеке әріптерді кез келген жерінен айқұш-ұйқыш қылып жаза бастады. «С» әріпін жазып, «бұл – мен» дейді. «Ш» әріпін сызды да, нәзік саусақтарымен шешесін көрсетті. «Міне – әкем, ал мынау – әже» деп «Ә» әріпінің нобайын келтірді.

Өзімен-өзі. Оның әрекетіне ешкім көңіл бөлер емес. Тек әжесі ғана бұған анда-санда көз қиығын тастап, жылы шырай білдіреді. Ал шешесі ас үйде кешкі астың қамымен жүр.

– Мұны мұндайы жоқ еді, – дейді анасы қонақ үйге ара-кідік кіріп, шыққанда. – Қызымыз бүгін қағазды шатпақтауға көшкен екен...

Екінші сыныпта оқыса да қарындасына мұндай әріптерді жазуды үйретпек түгілі, сабағын қарарда қасына жуытпайтын Болат Сәулені бүгінгі әрекетіне таңырқап отыр.

Бір кезде Сәуле әріп жазуды доғарып, газет оқып отырған әкесінің қасына келді. Мұнда келе сала ол газеттің ту сыртындағы бір әріптен көз алмай қарап қалмасы бар ма. Бір кезде жерден жеті қоян тапқандай:

– Әке, әке, мынаған қара. Мұнда сен жүрсің, – деп бар даусымен айқайлап жіберді.

Шошып кеткен Есен аң-таң. Газет бетінен Сәуле «мынау сенсің» деп көрсетіп тұрған кәдімгі әке дегендегі келетін «Ә» әрпі.

– Сәуле, бұл әріппен менің арамда қандай ұқсастық бар, – деп Есен әуел баста қызының не айтып тұрғанын түсінбей қалды. Сәлден кейін мән-жайды түсінгеннен кейін Есен ішек-сілесі қатқанша күлді.

– Айналайын ақылыңнан, – дейді ол күлкісін тия алмай. Сәулені беті мен маңдайынан шөлп-шөлп сүйіп. – Мұндай ғажап оқуды саған кім үйретті?

– Әжем үйретті.

Есен ойланып қалды. Сәуле беске қарай кетті. Баланың өз айналасындағы құбылыстарды іліп алуға құмарлығы барынша арта басайтын шығы бұл. Осы кезде көріп-білгені, жадына түйгені оның алдағы өміріне азық болмақ.

Ал Есен осы уақытқа дейін сүйікті қызының дүниетнымын ешқандай қамқорлық жасамапты. Ес біліп қалған Болатының да өз қарындасына ағалық қол ұшын беріп отыруына да ойластырмапты. Қандай ағаттық жіберген!

Осы ойдың үстінде ол өзінен гөрі көрегендің жасаған жан анасының парастаттылығына тағы да шексіз риза болды. Соның өзінде:

– Әттең, әріптерін түгел жазбай, тек басқы әрпімен бүтіндей бір сөзді таңбалап үйреткеніңіз сәл келіспеген екен, – деп қалды.

– Бір үйде екі бірдей мұғалім отырсыңдар. Мектепте оқып жүрген Болатың тағы бар. Дұрыстап, жүйелеп үйретсеңдер қайда жүрсіңдер, түге! – деп анасы зілдене сөйледі. Есенде өзінің айыбын біліп, ары қарай сөзді өрбіткен жоқ. Есен өзіне жұмыстан келген бетте қызына бір сағат уақыт бөліп әріптердің басын құрап, оқуды үйретуге сөз берді.

Тек ағасы Болат қана қарындасының мектеп бармай жатып, алғырлық танытқанына аздап іштарлық жасайтын сияқты. Әрине, мұнысы жақсы қасиет емес. Егер мектепте оқып, білгенін қарындасына айтып, әріптерді өзі үйретіп жүргенде ғой, үй ішіндегілер оны «Сәуленің алғашқы мұғалімі» деп мақтар еді.

Иә, сөйәтіп, Сәуленің алғашқы мұғалімі мектепте оқып жүрген ағасы Болат емес, үйде отырған қарт әжесі болып шықты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар