Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты Өкілдігі ұйымдастырған бұл іс-шара қалаларды сақтау мәселелерін жаһандық деңгейде талқылауға ықпал етті. Іс-шараны ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әлия Байсабаева модераторлық етіп жүргізіп отырды. Мәжіліске ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле арнайы шақырылды.
Алдымен Қазақстанның Сауд Арабиясы корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арын, Париж қаласындағы ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Рысбек Әлібеков, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра орталығының директоры (Париж) Лазар Элунду Ассомо, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова құттықтау сөзін арнап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Елші әрі ЮНЕСКО-дағы ҚР Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов бейнебайланыс арқылы онлайн қатысты.
Түркістан облысы әкімдігінің өкілі ретінде «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директоры Серікболсын Сандыбаев «Тұрақты туризм, экономикалық өсу және әлеуметтік даму» тақырыбында баяндама жасап, өңірдің туристік ерекшелігін таныстырды.
– Өздеріңізбен бүгінгідей өте маңызды жиында жүздескеніме қуаныштымын. Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыруға ықпал еткен елші әрі ЮНЕСКО-дағы ҚР Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахмановқа алғыс білдіреміз! Биыл маусым айында ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле Қазақстандағы сапары барысында Түркістан қаласына келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралаған болатын. Түркістан облысы – Қазақстанның туризмін дамыту тұрғысынан жоғары әлеуетке ие өңірлерінің бірі. Облыс аумағында туризмнің 3 бағыты айқындалған. Олар тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі.
Түркістан өңірі – тарихи және мәдени мұраға және ашық аспан астындағы мұражайға бай. Облыс аумағында 1770 тарихи және мәдени ескерткіш орналасқан. Ал емдік-сауықтыру бағыты бойынша 72 шипажай жұмыс істейді. Түркістан облысының табиғаты алуан түрлі. Қаланың қарбаласынан үзіліс алғысы келетіндер тау бөктеріне барып демалады. Өңірде 4 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Атап айтқанда, «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сырдария-Түркістан» және «Сайрам-Өгем» табиғи парктері. Жыл соңына дейін облыс аумағында халықаралық және республикалық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Бірінші кезекте өңір тұрғындары мен қонақтарының тиімді уақыт өткізуіне бағытталған. Жоғарыда аталғандардың барлығын ескере отырып, сіздерді Түркістан облысына саяхат жасауға шақырамыз. Сапарларыңыз жаңа сезімдер мен өзгеше эмоцияларға толы болатынына сенімдімін, – деген С.Сандыбаев қатысушыларға брендтік өнімдер, ақпараттық үлестірме материалдары мен қолөнер бұйымдарын табыстады.
Сондай-ақ өкіл Түркістан облысына барудың 10 негізгі себебін атап, жекелей тоқталып өтті. Дәлірек айтқанда халықаралық мәртебесі бар ескерткіш, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енгізілген Түркістан өңірінің басты туристік тартымдылығы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, мистикалық орын ретінде танымалдығы артқан – Ақмешіт үңгірі, 50-ден астам шипажайы бар Сарыағаш курорты, таулы аймақтарда демалу, қайта жанданған Түркістан қаласы туралы, сондай-ақ қолөнер бұйымдары, жергілікті тағамдар бойынша ақпараттар ұсынылды.
Мұнан соң сарапшылар өз идеялары және тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Әрі қарай бейне-таныстырылым мен ұлттық музыкалық қойылымдар ұйымдастырылды.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысына келушілер мен туристердің саны артқан. Оның ішінде биыл 8 айда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 115 мың адам демалған. Ал былтыр 12 айда 74,9 мың адам келген болатын. Сондай-ақ биыл 8 айда Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны 519,3 мың адамға жетті.