2027 жылдан бастап Қазақстанда органикалық тыңайтқыш өндіруге жаңа талаптар қойылады. Ұлттық стандарт 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа құжат өндірушілерге ортақ талап белгілеп, отандық өнімнің сапасын арттыруға және органикалық егіншілікті дамытуға бағытталған.
Стандартта мал шаруашылығы қалдықтарын, соның ішінде мал көңін, құс саңғырығын, компост пен биогумусты өнеркәсіптік өңдеу тәртібі нақты көрсетілген. Сондай-ақ, биогаз қондырғыларынан алынатын дигестатты қайта өңдеу талаптары белгіленді. Оған анаэробты ашыту, кептіру және түйіршіктеу процестері кіреді.
Жаңа талаптар өнімнің қауіпсіздігіне де қатысты. Органикалық тыңайтқыштардың құрамында патогенді микроорганизмдер, оның ішінде сальмонелла мен гельминт жұмыртқалары болмауға тиіс.
Бұдан бөлек, қорғасын, кадмий, сынап және күшән сияқты ауыр металдардың мөлшері шекті деңгейден аспауы керек. Тыңайтқыштардың радиациялық қауіпсіздігіне де талап қойылады.