Сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебекті көлік қағып кетті

Қаракөз Амантай 06 нау. 2026 11:08

Алматыда сатиралық паблик авторы Темірлан Енсебекті көлік қағып кетті. Оқиға былтыр 27 қазанда болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Мәліметке сәйкес, электросамокатпен келе жатқан Еңсебекті Toyota Highlander маркалы кроссовер қағып кеткен. Алайда жүргізуші оқиғаға мән берместен, тоқтамай кетіп қалған. Кейін Темірлан жол-көлік оқиғасының бейнежазбасын тауып, полицияға жүгінген”, - дейді “За нами уже выехали” телеграм арнасы.

Дереккөз мәліметінше, полиция жүргізушіге жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін шамамен 20 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

Алғашында іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы (жол-көлік оқиғасына әкеп соққан жол ережесін бұзу) және 611-бабы (жол-көлік оқиғасы орнын тастап кету) бойынша тіркелген.

Алайда сот-медициналық сараптама нәтижесінде Еңсебектің денсаулығына ешқандай жарақат келмегені анықталған. Осыған байланысты аталған баптар бойынша құқық бұзушылық құрамы жоқ деп танылып, іс тоқтатылған.

Сонымен бірге полиция қызметкерлері жүргізушінің әрекетінен басқа құқық бұзушылық белгілерін анықтаған. Атап айтқанда, оған жол қозғалысына қатысушыларға басымдық бермеу бабы бойынша айыппұл салынған.

Осылайша журналисті көлік қағып кеткен оқиға тек жол қозғалысы кезіндегі басымдықты бұзғаны үшін салынған айыппұлмен аяқталған. Дегенмен жүргізуші бұл шешіммен келіспей, айыппұлды даулауға тырысып жатыр.

Айта кетейік, Темірлан Еңсебек - Qaznews24 атты сатиралық жобаның авторы. Бұған дейін ол ресей-украин соғысына қатысты сатиралық жарияланымдары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен бостандығын шектеу жазасын алған. Сонымен қатар оған интернетте белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салынған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove