Саясаттанушы Димаш Әлжанов Қайрат Сатыбалдыға қатысты шыққан жаңа үкім туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлжановтың сөзінше, Сатыбалды үкімі өзгергеннен кейін мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін.
"Бұл жерде әңгіме мемлекетке ақшаларды қайтаруында емес. Мұнда келісімге келіп, активтерін тартып алу арқылы жүйе ішіндегі қарсыластарды әлсірету мәселесі тұруы мүмкін. Қаңтардан кейін Тоқаевтың алдында тараптарға зиян келтіріп, жалпы қарсыласуға бармай-ақ өз билігін тұрақтандыру міндеті тұрды. Себебі жүйедегі адамдардың жасыратыны бар және бір-біріне қарсы қолданатын нәрсесі бар. Сондықтан экс-президенттің немере інілеріне және олардың айналасындағы адамдарға қатысты ашық тергеу жүргізілген жоқ. Ал Сатыбалды жасаған қылмыс тек экономикалық сипатта болған.
Сатыбалдының үкіміне қарап "әулет" қаржы жағынан жазаланғанын, ал олардың өз орталарындағы сенім азая түскенін байқауға болады", - дейді Әлжанов Ras aitamyn-ға берген сұхбатында.
Саясаттанушы Тоқаев пен Назарбаев арасындағы уағдаластықтар мен кепілдіктер әлі де сақталғанын айтады.
Еске салайық,Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот үкімі өзгерген болатын. 16 тамызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының жазасын шектеу шарасына ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылды.
"Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қарады. Қайрат Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сотталған өзінің өтінішхатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын беру үшін заңның барлық талаптарын орындағанын атап көрсеткен", - деп жазды сот.