Сарапшылар инфляцияның жоғары болжамдарына байланысты биыл алда күтілетін базалық мөлшерлеме көлемін де арттырды, деп хабарлайды Dalanews.kz Ұлттық Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Сауалнама өлшемдеріне Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты, сондай-ақ теңге бағамы негіз болады.
Мұнай
2025 жылдың ақпан айында мұнай бағасы осы жылға арналған мұнай бағасы бойынша алдыңғы сценарий шарттарына сай бір баррелі 75 доллар деңгейінде сақталды, ал 2026 және 2027 жылдары бұл баға 72 долларға дейін төмендету тұрғысында қайта қаралды.
Жалпы ішкі өсім
Қазақстан экономикасының 2025 жылғы өсімі бойынша болжамдар 4,7%-дан 4,9%-ға дейін жақсарту тұрғысында қайта қаралды. Ал 2026 және 2027 жылдары ЖІӨ өсімі бұрығыдай 4,5% деңгейінде қалып отыр.
Инфляция және базалық мөлшерлеме
Инфляция бойынша болжамды сарапшылар өсу тұрғысында қайта қарады. Мәселен, 2025 жылға арналған болжамдардың медианасы 7,5%–дан 8,7%–ға дейін, ал 2026 жылы 6,5%-дан 7%-ға дейін, 2027 жылы 5,6%-дан 5,8%-ға дейін өседі деп күтіледі.
Инфляцияның жоғары болжамдары аясында 2025 және 2026 жылдарға арналған орташа жылдық базалық мөлшерлеме бойынша күтілетін болжам да артты. Бұл сарапшылардың базалық мөлшерлеменің жоғарылауын немесе оның жоғары мәндерде бұрын болжанғаннан ұзағырақ сақталуын бажайлайтынын көрсетеді.
Мәселен, 2025 жылда ол 14,7%–дан 15,3%-ға дейін, 2026 жылда орта есеппен 11,8%-дан 12,7%-ға дейін өседі деп күтіледі. 2027 жылы, керісінше 10,5%-дан 10%-ға дейін төмендейді деп болжанады.
Айта кетсек, базалық мөлшерлеме – ақша-кредит саясатын жүргізетін Ұлттық Банктің негізгі құралы. Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін белгілей отырып, ортамерзімді кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін банкаралық қысқамерзімді мөлшерлеменің мақсатты мәнін айқындайды.
Базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді АКС комитеті бекітілген шешім қабылдау кестесіне сәйкес жылына 8 рет қабылдайды.
Сауалнама респонденттерінің құрамына Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты. Респонденттерге нарықтың кәсіби қатысушылары, ғылыми-зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер кіреді. Макроэкономикалық сауалнама респонденттерінің құрамы BCC Invest және Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының сарапшыларымен толыққаны да нақтыланады.