2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан өнеркәсібінің көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға артты. Halyk Finance Аналитикалық орталығының аға сарапшысы Арслан Ароновтың айтуынша, бұл көрсеткіштің негізгі тірегі – тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы. Дегенмен электр қуаты, газ бен сумен жабдықтау секторындағы мырдымсыз өсім алаңдаушылық тудырып отыр. Өйткені аталған салалар – елдің экономикалық белсенділігін нақты танытатын маңызды индикаторлар, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жыл басынан бері өнеркәсіптің дамуына негізгі қозғаушы күш – Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісі көлемінің артуы болды. Бұл мұнай өңдеу саласына ғана емес, оған ілеспе мотор отыны, дизель, газ бен мұнай коксы өндірісіне де жағымды ықпал етті. Бұған қоса, көтерме сауда мен көлік тасымалы да қосымша серпін алды. Нәтижесінде мұнай секторы жалпы ішкі өнім өсімін жылдамдатқан негізгі драйверге айналды. Бірақ, Теңіз кенішін кеңейту жобасы биыл аяқталатындықтан, екінші жартыжылдықта мұнай өндіру қарқыны баяулауы мүмкін. Бұл өз кезегінде жалпы өнеркәсіптік өндірістің өсіміне кері әсер етеді деген болжам бар", - дейді сарапшы.
2025 жылғы қаңтар-маусым айларында өнеркәсіптік өнім көлемінің ақшалай көрсеткіші былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 6,5%-ға өскен. Оның ішінде ең жоғары үлес тау-кен өнеркәсібіне тиесілі (45,6%), бұл сала 8,4%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 47,3%, электр энергиясымен, газбен және жылумен жабдықтау – 6,3%, сумен жабдықтау және қалдықтарды өңдеу секторының үлесі небәрі – 0,8%.
Жалпы ішкі өнімнің 12%-ын қамтамасыз ететін тау-кен өнеркәсібі биыл айтарлықтай жедел өсімді байқатты. Мұнай мен газ өндіру көлемі бірден 11,4%-ға артып, саланың 71,9%-ын қамтыған. Бұған себеп – жоғарыда аталған Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемінің белсенді түрде артуы. Былтырғы жылдың осы кезеңінде аталған сектор тек 0,3%-ға өскен болса, биыл бұл көрсеткіш 8,4%-ды құрады.
Өңдеу өнеркәсібі де жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Биылғы жартыжылдықта былтырғы көрсеткішті (5,1%) аздап арттырып, өндіріс көлемі 5,5%-ға ұлғайды. Бұл ретте ең көп өсімді азық-түлік өндірісі (10%) мен машина жасау секторы (11,1%) танытты. Алайда, жалпы өңдеу өнеркәсібінің 40,1%-ын құрайтын металлургия саласында өсім жоқтың-қасы – небәрі 0,1%. Мұның негізгі себебі – қара металлургия өндірісінің (құюды қоспағанда) 0,5%-ға төмендеуі, бұл сегмент металлургия өндірісінің шамамен төрттен бірін құрайды.
"Электрмен, газбен және жылумен жабдықтау саласында бар болғаны 0,5% ғана өсім байқалған. Әсіресе, электр энергиясын өндіру мен тарату ісінде ешқандай ілгерілеу жоқ. Бұл – еліміздің экономикалық белсенділігіне қатысты алаңдатарлық жағдай, себебі инфрақұрылымдық секторлар экономикалық тұрақтылықтың маңызды индикаторы болып саналады. Егер осы салалар өсім көрсетпесе, бұл жалпы ЖІӨ-нің қазіргі қарқынды өсімінің тұрақты еместігін меңзейді", - дейді Аронов.
Сумен жабдықтау және қалдықтарды қайта өңдеу секторында жағдай, тіпті күрделі. Өткен жылғы 0,7%-дық төмендеу биыл да жалғасып, қаңтар-маусымда көрсеткіш бірден 5,3%-ға азайған. Оның ішінде суды алу мен таратудың көлемі 9,6%-ға, ал қалдықтарды жинау және өңдеу – 2,7%-ға қысқарған.
"Қазақстан аймақтарының ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 17 өңірде өскен. Әсіресе Жамбыл облысында күрт өзгеріс байқалып отыр: былтырғы 7,4%-дық құлдыраудан кейін, биыл облыстың өнеркәсіптік өндірісі бірден 20,6%-ға өсті. Бұл жетістіктің негізгі себебі – қант өндірісінің 79%-ға артуы", - дейді сарапшы.
Жалпы, Қазақстанның өнеркәсіптік өндірісі биылғы бірінші жартыжылдықта тұрақты өсім көрсетіп отыр. Дегенмен алдағы уақытта, әсіресе Теңіз кен орнын кеңейту жобасы аяқталғанда, өнеркәсіптің өсім қарқыны төмендеуі ықтимал. Сондықтан экономикалық саясатта жаңа драйверлер мен тұрақты өсім факторларын іздеу қажеттігі туындауда.