Павлодар мұнай-химия зауыты АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтқан жүргізушілердің шағымдарына байланысты тексеріледі. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz «Молодой Кабылтаев» Telegram арнасына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, жағдайды анықтау үшін оның орынбасары зауытқа аттанған. Мамандар жанармай өндіру барысында талаптардың бұзылған-бұзылмағанын тексермек.
Ерлан Ақкенженов бензин шығару кезінде технологиялық ақау болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Алайда мәселенің нақты себебі әзірге белгісіз. Жанармай құю станциялары жауапкершілікті мұнай өңдеу зауытына жүктесе, зауыт өкілдері мәселе АЗС желілерінен туындауы мүмкін екенін алға тартып отыр.
Министр жүргізушілерден бірнеше күн күте тұруды сұрады. Оның мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілген бензиннің жаңа партиясы жолда келе жатыр.
"Барлығын анықтап, жуық арада бұл мәселеге нүкте қоямыз", - деді Ерлан Ақкенженов.