Қазақстанда мектептер мен балабақшаларға жасалатын санитарлық тексерулердің тәртібі өзгереді. Мәжілісте қаралып жатқан түзетулер жазалауды емес, балалардың қауіпсіздігі мен тағам сапасына бақылауды күшейтуді көздейді. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Мектеп, колледж бен балабақшаларға жасалатын СЭС тексерулердің жазалауға бағытталған механизмін өзгертеміз, директорларды қорғаймыз және асханалардағы тағам сапасы мен балаларға жасалған жағдайға бақылауды күшейтеміз деп айттық. Бүгін біз әзірлеген арнайы түзетулер Мәжілісте қаралады”, — деді ол.
Депутаттың сөзінше, бұған дейінгі жүйе көбіне формалдылыққа айналып, директорлар өздері ықпал ете алмайтын мәселелер үшін айыппұл төлеп келген.
"Мысалы, сыныптардың толып кетуі немесе үш ауысымдық оқу үшін директорды жазалау әділетсіз", – деді ол.
Аймағамбетов жаңа өзгерістердің негізгі тұстарын атап өтті. Оның айтуынша, қаржылық шығынды қажет ететін кемшіліктер үшін директор емес, әкімдік немесе уәкілетті орган жауап береді. Сонымен қатар мектеп асханалары мен жазғы лагерьлерге тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Алғашқы тексеру айыппұлсыз өтеді, ол тек мониторинг форматында жүргізіліп, нақты ұсыныстар беріледі.
“Басты мақсат – жазалау емес, жағдайды түзету және көмектесу. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда ғана қатаң шаралар қолданылады: уақытша жабу немесе қызметкерлерді жұмыстан шеттету”, – деді депутат.
Сонымен қатар оның айтуынша, мектептік тамақ жеткізушілердің бірыңғай реестрі жасалып, адал емес мердігерлер жүйеден шеттетіледі.
“Енді санитарлық бақылау жазалау құралы емес, балаларымыздың денсаулығы мен болашағын қорғаудың сенімді тетігіне айналады. Мектептер, балабақшалар мен колледждер өздері ықпал ете алмайтын мәселелер үшін айыппұл төлемейді”, – деп түйіндеді Аймағамбетов.