Санчес мерзімінен бұрын сайлау жариялады: Испанияда саяси дағдарыс күшейді

Санчес мерзімінен бұрын сайлау жариялады: Испанияда саяси дағдарыс күшейді
Andres Martinez Casares / EPA / TASS

Испания премьер-министрі Педро Санчес парламент тұрғын үй дағдарысын шешуге бағытталған үкімет ұсыныстарын қабылдамағаннан кейін мерзімінен бұрын парламент сайлауын 29 қарашаға белгіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Санчес бұл шешімді 5 қазанда теледидар арқылы жасаған үндеуінде жариялады. Испаниядағы кезекті парламент сайлауы 2027 жылы өтуі тиіс еді. 

Үкімет басшысының шешіміне парламенттегі соңғы дауыс беру түрткі болды. Өткен жұмада депутаттар тұрғын үй дағдарысын жеңілдетуге бағытталған екі төтенше қаулыны қолдамады. Құжаттар осал топтарды тұрғын үйден шығаруға шектеу қоюды, жалдау шарттарын ұзартуды және қысқа мерзімді жалға беруді реттеуді қарастырған. 

Бұл жағдай Испанияда тұрғын үй бағасы мен жалдау ақысына қатысты наразылық күшейген кезеңде болып отыр. Соңғы күндері елдің бірнеше қаласында мыңдаған адам тұрғын үйдің қолжетімді болуын талап етіп, наразылық акцияларына шықты. 

Санчес бастаған социалистердің парламентте тұрақты көпшілігі жоқ. Қазіргі сауалнамалардың бірінде оппозициялық Халықтық партия 33,9 пайыз қолдаумен бірінші орында тұр, ал Санчестің Испания социалистік жұмысшы партиясы 25,7 пайыз көрсеткішке ие. Vox партиясының қолдауы 18 пайыз болған. 

Халықтық партия жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо партиясы үкімет құруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл жағдайда партияға оңшыл Vox-тың қолдауы қажет болуы мүмкін. Алайда сайлаудың нақты нәтижесі мен болашақ үкіметтің құрамы дауыс беру қорытындысынан кейін белгілі болады. 

Санчес Испания үкіметін 2018 жылдан бері басқарып келеді. Оның қазіргі үкіметі парламенттегі тұрақты көпшілікке ие емес және соңғы жылдары заңнамалық бастамаларды өткізу үшін әртүрлі саяси күштердің қолдауына сүйеніп келді.