«Самұрық-Қазына» қорының 2026 жылдың алғашқы алты айындағы негізгі қаржылық көрсеткіштері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің қаржылық нәтижелерге арналған отырысы өтті. Жиынға Қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев жетекшілік етті.

«Самұрық-Қазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұловтың айтуынша, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында қордың түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артқан.
Осы кезеңде таза пайда 18%-ға, ал EBITDA көрсеткіші 15%-ға өскен. Сонымен қатар қордың бірқатар өндірістік көрсеткіштері бойынша да оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, уран өндіру көлемі, жүк айналымы және транзит көрсеткіштері артқан.
«Самұрық-Қазына» активтерінің көлемі бойынша әлемдегі ең ірі 21 тәуелсіз әл-ауқат қорының қатарына кіреді. Бұл SWFI-дің 2025 жылғы рейтингіне сәйкес келеді.
Қор активтерінің көлемі де тұрақты өсіп келеді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 33,6 трлн теңге болса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында 46,7 трлн теңгеге жетті. Осылайша, соңғы жылдары активтер көлемі жыл сайын орта есеппен 10%-ға ұлғайған.

Айдар Рысқұловтың мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында қор активтерінің өсімі шамамен 5%-ды құрады. Бұл көрсеткіш қор активтерінің орташа жылдық өсу қарқынына сәйкес келеді.
Қордың негізгі міндеттерінің бірі – портфельдік компаниялардың құнын және олардың таза активтерін одан әрі арттыру. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тартуға ықпал етуді көздейді.
Қордың қаржылық тұрақтылығы халықаралық кредиттік рейтингтермен де расталады. Fitch Ratings «Самұрық-Қазынаға» BBB деңгейіндегі рейтинг беріп, болжамын «Тұрақты» деп бағалаған. Moody’s агенттігі қордың рейтингін Baa1 деңгейінде сақтап, болжамын «Тұрақты» деп белгіледі.