«Самұрық-Қазына» Моңғолия қорына $88 млрд активті басқару тәжірибесін ұсынды

«Самұрық-Қазына» Моңғолия қорына $88 млрд активті басқару тәжірибесін ұсынды
Самұрық-Қазына

«Самұрық-Қазына» қоры Моңғолияның Chinggis Khaan Sovereign Wealth Fund өкілдеріне арналған екі күндік онлайн-воркшоп өткізуде, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шара Қазақстан мен Моңғолия арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды тәжірибе жүзінде іске асырудың жалғасы болды.

2026 жылғы 21 сәуірде Моңғолия президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Самұрық-Қазына» мен Chinggis Khaan Sovereign Wealth Fund арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

Меморандум сараптамалық білім мен озық тәжірибелер алмасуды, кадрлық әлеуетті дамытуды және оқыту бағдарламаларын ұйымдастыруды көздейді.

3–4 қыркүйекте өтіп жатқан воркшоп барысында «Самұрық-Қазына» мамандары моңғолиялық әріптестеріне корпоративтік басқару, адами ресурстарды басқару, инвестициялық жобалар, капитал нарықтары мен жекешелендіру, сатып алулар, әлеуметтік инвестициялар және сервистік процестер бойынша тәжірибесін таныстырады.

«Самұрық-Қазынаның» басқарушы директоры Салтанат Сәтжан қор Қазақстандағы ең ірі ұлттық холдинг ретінде жалпы сомасы шамамен $88 млрд болатын активтерді басқаратынын атап өтті.

«Қор жұмыс істеген жылдар ішінде активтерді басқару, корпоративтік басқару, инвестициялық қызмет, адами капиталды дамыту және басқа да бағыттар бойынша елеулі тәжірибе жинақтады. Біз бұл тәжірибемен Chinggis Khaan Sovereign Wealth Fund қорындағы әріптестерімізбен бөлісуге қуаныштымыз. Біз үшін білім алмасудың тек теориялық емес, ең алдымен тәжірибелік сипатта болғаны маңызды. Сондықтан воркшоп аясында күнделікті жұмысымызда қолданылатын нақты тәсілдер мен құралдарды қарастырамыз», – деді ол.

Воркшоп бағдарламасы ұлттық әл-ауқат холдингінің қызметін қамтитын жеті тақырыптық модульден тұрады. Олар корпоративтік басқару, адами ресурстарды басқару, әлеуметтік инвестициялар және қайырымдылық, инвестициялық жобалар портфелі, капитал нарықтары және жекешелендіру, сатып алулар, сондай-ақ қордағы сервистік процестерге арналған.

Сессиялар барысында «Самұрық-Қазына» мамандары топта қолданылатын тәжірибелік тәсілдер мен құралдарды таныстырып, әртараптандырылған ірі активтер портфелін басқару тәжірибесімен бөліседі.

Корпоративтік басқару моделі мен портфельдік компаниялармен өзара іс-қимылға, инвестициялық жобаларды бағалау және іске асыруға, адами капиталды дамытуға, сатып алудың бірыңғай жүйесін ұйымдастыруға және операциялық тиімділікті арттыруға ерекше назар аударылуда.

Капитал нарықтары мен жекешелендіруге арналған жеке модульде мемлекеттік активтерді іске асыру және портфельдік компанияларды IPO және SPO арқылы жария нарықтарға шығару тәжірибесі таныстырылды.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» әлеуметтік инвестициялар мен қайырымдылық, сервистік процестерді ұйымдастыру және топтағы қосалқы қызметтерді шоғырландыру бағыттарындағы тәжірибесін ұсынады.

Екі ұлттық әл-ауқат қоры арасындағы тәжірибе алмасу Қазақстан-Моңғолия серіктестігін нығайтуға және ұлттық активтерді басқару мен инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

«Самұрық-Қазына» жалпы сомасы шамамен $88 млрд активті басқарады. Қордың инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 52 трлн теңге болатын 130-ға жуық жоба бар.

Chinggis Khaan Sovereign Wealth Fund Holding LLC – Моңғолияның ұлттық әл-ауқат қоры. Ол 2024 жылғы сәуірде Erdenes Mongol мемлекеттік тау-кен холдингінің қамқорлығымен құрылған. 2026 жылы Моңғолия үкіметі табиғи ресурстарды басқару мақсатында Erdenes Mongol активтері мен қор активтерін бір корпорацияға біріктіру бойынша ауқымды реформа жүргізді.