«Самұрық-Қазына» қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) нейрожелісін – Директорлар кеңесінің цифрлық тәуелсіз мүшесін таныстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
SKAI - жасанды интеллект негізінде әзірленген және өңір бойынша Директорлар кеңесінің дауыс беру құқығы бар алғашқы цифрлық тәуелсіз мүшесі. Таныстыру рәсімі Астанада Digital Bridge халықаралық форумы аясында өтті.
SKAI корпоративтік басқарудың ашықтығы мен сапасын арттырудың жаңа құралы болмақ. Нейрожелі ішкі және сыртқы нормативтік құжаттарды, 2008 жылдан бергі Директорлар кеңесінің шешімдерін және Қордың құрылған сәтінен бастап жинақталған басқа да материалдарды талдайды. Бұл - Кеңестің әлдеқайда ұтымды әрі сараланған шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік те басты назарда: SKAI Қордың портфельдік компаниясы – «Қазақтелекомның» екінші *суперкомпьютері Al Farabium-ның жабық контурында жұмыс істейді. Осылайша, ақпарат ел аумағынан тысқары тарамайды, ал жоғары есептеу қуаты талдаудың сенімділігі мен жылдамдығын қамтамасыз етеді. Жүйенің негізі ретінде қазақстандық Alem LLM тілдік моделі қолданылған.
«Жасанды интеллект негізіндегі нейрожелінің Директорлар кеңесіне тағайындалуы – бұл нағыз кванттық серпіліс: технология мен адамдар шешімді бірлесе қабылдайды, ал цифрландыру тек қана бизнес-процестермен шектелмей, басқару философиясының бір бөлігіне айналуда», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
SKAI-ды Қордың Директорлар кеңесінің алдағы отырысында қолдану жоспарланған.
Нейрожеліні қолданысқа енгізу – Қордың цифрландыру мен басқаруды трансформациялауға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі.