«Самұрық-Қазына» Атырау облысында іске асырылған инклюзия жобаларын таныстырды

Dalanews 23 қар. 2022 11:55 761

«Самұрық-Қазына» қоры Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай отырып, инклюзивті жобаларды дамыту аясында ауқымды жұмыс жүргізуде: олардың қатарында көпбалалы аналарды, ерекше балаларды, мүгедектігі бар адамдарды қолдау.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы тек Атырау облысында соңғы бес жылда 1 миллиард теңгеден астам сомаға 19 әлеуметтік жобаны іске асырды. Жобалар өңір тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешуге және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бастамаларын қолдауға бағытталған. Биыл өңірде 375,5 млн теңге сомасына 7 жоба мақұлданды.

Бүгін компаниялар тобы атынан қайырымдылық жобалардың бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қоғам үшін іске асырылған бастамаларды халық назарына ұсынды.

Баспасөз туры сөйлеу қабілеті бұзылған, аутизм, церебральды сал ауруы және Даун синдромы бар балаларды жан-жақты дамытумен айналысатын, жаңартылған «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығына барудан басталды. Биыл жобаға «Самұрық-Қазына» қоры күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар, жиһаздар мен жабдықтарды жаңартуды қаржыландырды, сондай-ақ 50 ерекше балаға тегін оңалту курстарына сертификат табысталды. Жобаның құны 27 миллион теңгеден асады.


Жиналған көпшілік турдың екінші нысаны балаларға арналған кешенді оңалту, диагностика және кеңес беру қызметтерін көрсететін «Қамқорлық» оңалту орталығына барды. Орталық жылына 600 баланы тегін қабылдайды. Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Қамқорлық» жобасы аясында 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде 15 оңалту орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және 7 ерте араласу орталығы ашылды, оларды толық жабдықтау үшін 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.



Қор әрдайым әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға ерекше назар аударып келеді. Бұл бағытта Атырау облысының Іскер әйелдер қауымдастығының жобасы көрсетілді, жоба шеңберінде жалғызбасты және көпбалалы аналар, жұмыссыз әйелдер өздерінің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіби дағдылар мен нақты көмек ала алады. Қауымдастық ұйымдастырған курстар 100 әйелге арналған. Олар оқудан кейін өз ісін ашу үшін тауар түрінде грант алып, 50%-ы өз бизнесін ашуға мүмкіндік иеленеді де, 30%-ы жұмысқа орналасады. Жобаның бюджеті 48 млн теңгені құрады.

Пресс-тур бағдарламасындағы соңғы нысан «Маленькая страна» әлеуметтік қалашығы болды. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту үшін еңбек терапиясы, иппотерапия әдістері пайдаланылады, сонымен бірге шаруашылықты жүргізу үшін «жасыл технология» қолданылады.

Биыл «Самұрық-Қазына» қоры  шағын гибридті жел-күн электр станциясын және шаруашылық ғимараттар мен әкімшілік үй-жайларға арналған конвекторлық жылытқыштарды сатып алу үшін «Атырау». Маленькая страна» ҚБ бастамасына қолдау көрсетті. Болашақта осы құрылғылардың арқасында әлеуметтік қалашықта электрмен жабдықтау толығымен автономды болады. Жобаның құны 37,5 млн теңгені құрады.



Баспасөз турына қатысушылар Атыраудағы «Самұрық-Қазына» қорының әлеуметтік жобаларына жоғары баға беріп, өз әсерлерімен бөлісті:

«Әр адамның міндеті – балаларына жақсы тәрбие беріп, аяққа тұрып кетуіне  көмектесіп, лайықты адамды тәрбиелеп шығу. Бүгін осы орайда, мемлекет пен «Самұрық-Қазына» қоры тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, қуанып отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған игі істеріңіз үшін ерекше алғыс білдіргім келеді», - деп ойымен бөлісті Атырау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев.

«Үкіметтік емес ұйым өкілдері «Самұрық-Қазына» қорының өңірімізде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобаларын мұқият қадағалаудамыз. Бүгінгі қордың жұмысы ашық әрі түсінікті болғанына қуаныштымыз. Бүгінгі баспасөз туры Қордың биылғы жұмыс нәтижелерін көрсетті, біз шарадан ерекше балаларға, әлеуметтік осал санаттағы әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған өзекті жобаларды көріп отырмыз. Бұл қордың имиджіне оң әсер етеді және халықтың сенімін арттырады», - деп атап өтті «Ақпарат» ҚБ төрағасы, Атырау облысы қоғамдық комиссиясының мүшесі Гүлжан Елешева.


Атырау қаласында жүзеге асырылған әлеуметтік нысандар бойынша баспасөз турына «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларының облыстық филиалдарының басшылары да қатысты. Қордың қайырымдылық қызметін жүзеге асыру кезінде Қор компаниялар тобының кәсіпорындары орналасқан өңірлерге ерекше назар аударылады.



«Жүйелік қайырымдылық көптеген адамдарға көмектесуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз-жергілікті жерлерде «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы арқылы әлеуметтік маңызды жобалардың бағытын анықтау және жергілікті ҮЕҰ - ға көмектесу», - деп бөлісті «KEGOC» АҚ Батыс филиалының метрология қызметінің басшысы Абзал Бақитов.

БАҚ өкілдерінің назарына: 24 және 25 қарашада әлеуметтік нысандар бойынша баспасөз туры Маңғыстау облысында жалғасады, ондағы жұртшылықтың назарына Жаңаөзен және Ақтау қалаларындағы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан қаржыландырылған жобалар ұсынылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар