"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының" жалғыз акционері ҰӘҚ-ның 2023 жылға арналған жылдық қаржылық есебін бекітті. Есеп Қазақстан қор биржасында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Самұрық-Қазына" қорының жалғыз акционері ҚР Үкіметі екенін айта кетелік.
Сонымен Үкімет былай деп шешті:
- 2023 жылда тапқан 1,7 трлн теңгеге жуық соманы қамтитын қордың таза кірісін бөлу тәртібін бекіту;
- таза пайданың 50 млрд теңгесін "Қазақстан халқына" қорына аударылсын,
- қалған бөлігі қор мен оған қарасты компаниялардың инвестициялық бағдарламаларын қаржыландыру, борыштық міндеттемелерін өтеу және активтер сатып алу үшін қордың өзіне қалдырылсын.
Бірақ дивидент төлеу жайлы ол арада бір ауыз сөз айтылмайды.
Айта кетсек, 2023 жылы "Ашық НҚА" порталында тиісті қаулы жарияланған болатын. Онда "Самұрық-Қазынаға" еншілес ұйымдары табысының 50 пайыз көлемін дивидентке жұмсауы тиіс ұлттық компанияларды тізімнен алып тастау ұсынылған.
2023 жылы желтоқсанда мемқор KASE-ге 2022 жыл үшін дивидент төлегелі жатқанын хабардар етті. Ол кезде бір жай акция үшін төленетін дивидент көлемі 68,36 теңгені құраған. Сөйтіп 238 млрд 026 млн теңге дивидент төлеуге жұмсалған. Ал "Қазақстан халқына" қорына 66 млрд 614 млн теңге аударылған. 2024 жылы сәуірде қор жай акциялары бойынша 2022 жылдың таза кірісінен тағы 100 млрд 002 млн 138 мың теңге, ал шілдеде 63 млрд 545 млн 929 мың теңге дивидент төлегені хабарланған.
2022 жылы "Самұрық Қазына" қордың дивидент саясатын 124 пайызға орындағанын жария етті. Яғни, 254 млрд теңгенің орнына акционерге төленген сома 302 млрд теңгені құрады (!).
Айта кетсек, 2023 жылы Үкімет "Қазақстан халқына" қорына "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ныі таза кірісінің 7%-ын аудару тәртібін бекіткен болатын.