Самат Әбіш? Қоғам түсінбейтін шешімдер көп - депутат Саиров

Сағыныш Сардарова 19 сәу. 2024 15:31 6140

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров неліктен тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты іс қозғауға болмайтынын айтып, Самат Әбішке шыққан шешімге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Назарбаевтың тарихтағы рөлін елемеу мемлекеттілігімізге зиян.

"Негізінде шынымызды айтайық, саясатшы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға жасап кеткен еңбектері бар. 90-жылдары біздің елімізде экономикалық жағдай өте қиын болып тұрған кезде азамат соғысы болып кетпеуі үшін, сонымен бірге, шекарамызды қалыптастыру үшін белгілі бір еңбек етті. 2000 жылдан кейін өзінің туыстарына немесе өзінің балаларына преференция беріп, содан мемлекетімізге қиындық туындады. Бірақ мемлекеттік қайраткерлерге келген кезде салқынқандылық танытуымыз керек. Өйткені ол тек Қазақстанмен шектелмейді, сол кездегі бүкіл халықаралық келісімшарттың барлығына Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. Қытай Халық Республикасымен, Ресеймен, басқа да көршілермен ол кісінің қолы тұр.

Ол кісінің тарихтан рөлін алып тастайтын болсақ, еліміздің көршілермен қарым-қатынасына кірбің түсуі ықтимал. Сондықтан осы мәселенің барлығын қарастыруымыз керек. Ол кісінің қателіктері бар. Оның барлығын түзеуіміз керек. Кеткен қаржының барлығын қайтаруымыз керек. Дегенмен де мемлекетті басқарған азаматтарға келген кезде Қазақстанның болашағы үшін компромисстерге баруымыз керек.

Кешегі су топанның барлығы 30 жылдың ішіндегі инфрақұрылымдық мәселелер шешілмеуінен. ЭКСПО салдық, 2,1 миллиард доллар бөлдік. Қазір ЭКСПО кімге пайда беріп жатыр? Ешкімге пайда беріп жатқан жоқ. 2,1 миллиардты аудандардың бүкіл бөгенін жасап беруге жіберетін болсақ, қазіргі проблема болмайтын еді", - деді ол.

Сондай-ақ, оның пікірінше, Қазақстан 30 жылдағы жүйенің кесірінен кедейленіп бара жатыр.

"Бұрын халық кедей болса, қазір мемлекетіміз де кедей болып қалды. Бізде қазір Қазақстанда олигархтар ғана бай. Олар 30 жылдың ішінде халықтың, мемлекеттің есебінен салық төлемей өздері байыған. Бізге жаңа қоғамдық келісімшарт керек. Бүкіл қаржы қайтуы керек.

Қазір мемлекетіміздің де жағдайы онша емес. Өйткені 30 жылдың ішінде банктер салық төлемейді, ірі олигархтар салық төлемейді, сондай жүйені жасап қойғанбыз. Қазір олигархтар бұрынғы жұмысын әлі істеп жатыр, әлі оларға ешқандай қатаң шешім қабылданбады", - деді Сайыров.

Депутат Ермұрат Бапи 26 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталғанын мәлімдеді. Алайда Әбіштің генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынғанымен, меншік-мүлкіне конфискация жасалмаған.

Ерлан Сайыров құқық қорғау органдарының кейбір осындай шешімдері түсініксіз екенін жеткізді.

"Өкінішке орай, біздің құқық қорғау органдары кей кездері қоғамға түсініксіз шешімдер қабылдап жатады. ...Әртүрлі себеп болуы мүмкін, кей кездері тапсырма емес, сот жүйесінің ішінде бұрынғы реванштік күштер де болуы мүмкін. Қоғам түсінбейтін шешімдер пайда болған кезде сотқа өзіміздің ойымызды жеткіземіз. Мұның артында белгілі бір топтар болуы ықтимал немесе шешім халыққа түсініксіз деген сияқты. ...Депутат ретінде соттың шешіміне ешқандай әсер етуге қақымыз жоқ. Біздің ойымыз ол шешіммен сәйкес келмейді", - деді депутат.

Ал бұған дейін сот Самат Әбіш неліктен шартты мерзіммен сотталғанын түсіндірді.

"Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша шартты түрде сотталуға болмайтыны туралы ақпарат қате. Қылмыстық кодекстің 11-бабына сәйкес ауыр қылмыстарға 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген қасақана әрекеттер жатады, сәйкесінше, көрсетілген мерзімнен жоғары санкциясы бар құқықбұзушылықтар аса ауыр қылмыс санатына жатады", - дейді Астана сотындағылар.

Сот мәліметінше, 362-бапты, 4-бөлігі бойынша ең ауыр жаза 10 жыл бас бостандығынан айыру, сондықтан бұл ауыр қылмыс санатына жатады. Ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық заңмен Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес шартты жаза қолдануға тыйым салынбайды. Бұл норма аса ауыр санаттағы қылмыстарға қолданылмайды.

"Самат Әбіш жасаған қылмыс сыбайлас жемқорлық емес, оның пайдакүнемдік мақсатқа ұмтылғаны немесе іс бойынша пайда тапқаны туралы ешқандай дәлел жоқ. Сондықтан ҚК 63-бабын қолдануда шектеулер болған жоқ. Сот шартты түрде соттауды қолданған кезде жасалған қылмыс үшін кінәні толық мойындау, шын жүректен өкіну, асырауында кәмелетке толмаған балалар болуы, сондай-ақ, қылмысты алғаш рет жасау ескерілді.

Сонымен қатар, Самат Әбіш қылмыстық құқықбұзушылықтың өзін ашуға белсенді үлес қосты, басқа адамдар елден заңсыз шығарған активтерді белгілеуге және қайтаруға белсенді қатысты", - деп түсіндірді соттағылар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар