Қазақстанның маңызды тұлғалары пантеонына тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың есімі енді. Бұл туралы оның ағасы Айтбек Амангелді мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, анасымен бірге Қостанай облысындағы "Амангелді" кешеніне арнайы барған. Мұнда мемориалдық тақта мен пантеон орналасқан.
"Осы пантеонда Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғалар қатарында Салтанаттың аты жазылған мемориалдық тақта қойылды. Бұған дейін біз Павлодардан топырақ апарып, мемориалда капсулаға салғанбыз. Мұнда Салтанатты Қазақстан тарихына ықпал еткен тарихи тұлғалар қатарына енгізді", – деп жазды Айтбек Амангелді.
Айта кетейік, 2024 жылы 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болған еді. Алайда олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.
Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.