2025 жылдың 12 сәуірінде Алматы технология және флористика колледжінде «Салт - дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атты іс-шара дүркіреп өтті.
Көктемнің жылы лебімен қатар келетін Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамынан айға жуық уақыт өтсе де мерекелік көңіл-күй әлі де шуақты күндерден есіп тұр. Алматы технология және флористика колледжінде өткен мерекелік іс-шара соның айқын дәлелі. Наурыз мейрамын ауқымды тойлау арқылы ұлттық дәстүрді жаңғыртып, жас ұрпаққа қазақ халқының бай мәдени мұрасын танытуды мақсат етіп отыр.
Наурыздың мәнін тереңірек түсінуге, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға және де ұлттық ойындардың маңызын арттыру үшін асық ату, арқан тарту, қазақ күресі сияқты ойындар ойнатылып жатса, киелі сахнада тұсаукесер дәстүрі көрсетілді. Тұсаукесерді «Өнерлі аналар» тобындағы ақ кимешек киген апалармыз, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Шынар ханым мен колледж директоры Нурымбетов Анарбек Қалдарұлы рәсімді жасады.
Кейбір дәстүрлердің ұмытылуы немесе өзгеруі қазіргі заманның талаптарына сай болып отыр. Дегенмен, осы дәстүрлерді жаңғырту және қайта жандандыру арқылы ұлттық құндылықтарды сақтау, жастар арасында ұлттық сананы қалыптастыру мүмкіндігі бар. Ұмытылған дәстүрлерді зерттеп, олардың тәрбиелік және мәдени мәнін түсіндіру үшін мереке аясында ұлттық қолөнер көрмесі арнайы ұйымдастырылған. Қазақ халқының бай мұрасымен танысып, киіз үй ішіндегі тұрмыстық бұйымдарды, зергерлік өнер туындыларын, сондай-ақ дәстүрлі киім үлгілерін тамашалауға болады.
Одан бөлек, «Әр істің ұстасы бар, әр ұстаның ұстазы бар» дегендей ел ішінде әр істің өз шебері бары анық. «Балам өнерлі болсын десең, өнегеңді көрсет» -деген нақыл сөзді ұстанған, өзінің ісмерлігімен, шеберлігімен көкірек көзімізді оятқан, қолөнердің әрі мен нәрін қанымызға сіңірген алтын қолды аналарымыз ұршық иіру, жүн сабау, сырмақ сыру, кесте тігу сияқты өнерлерін көрсетіп, тіліміз, діліміз, дініміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз, қолөнеріміз қазақ дүниетанымында ажырамас ұғымдар екенін көрсетіп жатты.
Қазақтың қасиетті қолөнері - көне тарихпен бірге өсіп, біте қайнасқан бай қазына. Ұлттық дәстүріміз бен ұлттық қолөнер бұйымдарының, әдет-ғұрыптардың бүгінгі қоғамда өмір сүріп, қайта жаңғыруы маңызды. Ата-бабамыздан жеткен рухани құндылықтарымызды, оның ішінде ағаштан жасалған бұйымдардың ең көп тараған түрі – келі мен келсап, күбі және қол диірменмен таныстырып, көрсетіп жатса, енді бірі қамшы өру өнері сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті, кейде батырдың қаруы да болғандығын дәріптеп, үйретіп жатыр.
Наурыз мейрамымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуыда аталып өтілді. Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы. Ұлтаралық татулықты нығайтуда Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдері татулықта өмір сүріп жатыр десек, соның ішінде аталған колледжде 19 ұлт өкілдерінің білім алып жатқаны да соның дәлелі іспетті.
Аталған, іс - шара барысында студенттер әр ұлттың ұлттық киімін киіп, сол ұлттың өнерін көрсетті. Сонымен қатар, «Өнерлі аналар» тобын бастаған Ботан апамыз «Қазақ осы» әнімен, одан бөлек, мерекелік көңіл - күй сыйлау үшін сахна төріне алыстан қонақ болып, жылы лебіздері мен өнерлерін ала келген ұйғыр мен әзірбайжан ұлттарының өкілдері, Марупов Вамуқ «Жананим» әнін арнаса, «Ассамблея жастары» Низамова Толунай Азатовна мерекемен құттықтады.
Алматы технология және флористика колледжінің өнерлі студенттері әсем әннен шашу шашып, мың бұрала билесе, көршілес «Сән және мода дизайн» колледжінен арнайы студенттер келіп, күмбірлеген күймен, кештің сәнін кіргізді. Мерекеге келген қонақтар мен ата-аналарға, студенттерге тегін көже таратылып, бауырсақ үлестірілді.
Осылайша, Алматы технология және флористика колледжінде бірнеше іс-шараның басын біріктірген «Салт - дәстүрім – таусылмайтын байлығым» деп, салт дәстүрлерді дәріптеу мақсатында әдемі кеш аталып өтті.
Бақыт Сыдықова