Салық төлеуден жалтарған блогер 5 жылға сотталып кетті

Қаракөз Амантай 03 нау. 2025 19:13 2030

Мәскеудің Савеловский аудандық соты блогер Елена Блиновскаяны аса ірі көлемде салық төлеуден жалтару және заңсыз жолмен алынған қаржыны заңдастыру ісі бойынша бес жылға жалпы режимдегі колонияға қамауға үкім шығарды. Бұл туралы ТАСС тілшісі сот залынан мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Қылмыстардың жиынтығын ескере отырып, түпкілікті жаза ретінде бес жылға бас бостандығынан айыру белгіленсін", – деп мәлімдеді судья.

Алайда салық төлеуден жалтару бойынша кейбір айыптар ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты алынып тасталды.

"Блиновская Қылмыстық кодекстің 198-бабы, 2-бөлігі бойынша екі эпизод бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады", – деп қосты судья.

Айыптаушы тарап соттан Блиновскаяға алты жыл түрме жазасын тағайындауды сұрады. Сонымен қатар оған қосымша жаза ретінде 1,5 миллион рубль айыппұл салып, азаматтық талапты толық қанағаттандыруды және бес жыл бойы коммерциялық қызметпен айналысуына тыйым салуды талап етті.

Сот барысында Блиновская өзіне тағылған айыптарды толық мойындап, салық берешегі мен заңсыз қаржы айналымына қатысы барын растады. Оның айтуынша, салық мәселесімен алдымен күйеуінің таныстары, кейіннен оның құрбысы Лилия Орленко айналысқан.

Блогерге қатысты сот процесі 2024 жылдың тамыз айының соңында басталған. Тергеу барысында Орленко, Блиновскаяның тренингтерінің кураторлары мен оған тиесілі компаниялардың басшылары жауапқа тартылған. Тергеу мәліметінше, Блиновская 2019-2021 жылдар аралығында бизнесін жасанды түрде бірнеше бөлікке бөліп, 900 миллион рубльден астам салықтан жалтарған. Ол 2023 жылдың сәуірінде Ресейден шығуға талпынған кезде ұсталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар