Ұлттық құрылтайдың экономикалық даму секциясында кәсіпкер, құрылтай мүшесі Сырымбек Тау несиенің жоғары пайыздық мөлшерлемесіне алаңдаушылық білдіріп, оның шекті деңгейін төмендету қажеттігін көтерді. Сондай-ақ салық төлемейтін кәсіпкерлерге несие беруге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты – қоғамда көтеріліп жатқан өзекті мәселелерді Үкіметке тікелей жеткізу. Сонымен қатарҮкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, халықтың ұсыныстарын Президентке жеткізу”, – деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі микроқаржы ұйымдары 46%-ға дейінгі пайызбен несие беріп отыр, бұл – өте жоғары көрсеткіш.
“Осындай жоғары мөлшерлемемен алынған несиені өтеу халық үшін мүмкін емес. Кепілдік несие де 35%-ды құрайды. Бұл халықтың қаржылық жүктемесін ауырлатып, қарызға батуына әкелуде. Қазір қазақстандықтардың несие қарызы 13 трлн теңгеден асты. Бұған халықтың несиеге құмарлығы себеп емес, қаржылық сауаттың төмендігі мен несиелік шарттардың тиімсіздігі себеп болып отыр. Сондықтан мемлекет жоғары пайыздық мөлшерлемелерге шектеу қоюы тиіс”, – деді Сырымбек Тау.
Ол микроқаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесін 46%-дан 35%-ға, ал кепілдік несие мөлшерлемесін 35%-дан 25%-ға дейін төмендетуді ұсынды.
Сонымен қатар кәсіпкер салық төлемейтін компанияларға несие беруді тоқтатуды да көтерді. Оның пікірінше, бұл бизнесті көлеңкелі айналымнан шығаруға және экономиканың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.