Мемлекет басшысы 7 қаңтарда отандық бизнес өкілдерімен өткен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы тапсырмаға қатысты пікір білдірді, - хабарлайды Dalanews.kz.
Тоқаевтың мәлімдемесі
"Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс екенін де нақтылады.
"Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүған дейін кәсіпкерлер бірлескен отырыс өткізіп, оның қорытындысы бойынша қосымша құн салығының 20 пайызға көтерілуіне қарсы екенін жариялаған болатын.
Депутат Аймағамбетовтің пікірі
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы мәлімдеге орай пікір білдірді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесін көтеру туралы ұсынысты қайта қарауды тапсырды. Президенттің ұстанымы анық: ҚҚС-тың қазіргі ұсынылған мөлшерлемесі тым жоғары. Үкімет шешімді нақты есептеулер мен талдауларға сүйене отырып қабылдауы тиіс. Кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірі ескерілуі керек. Бұл шешім бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасап, салық тәртібін күшейтіп, бюджет кірісін арттыруы тиіс. Шағын және орта бизнестің дамуы – экономиканың тірегі. Салық реформасы бұл секторды қолдауға бағытталуы керек", - деді ол.
Бұған дейін де депутат Салық кодексінің жобасына қандай түзетулер енгізіліп жатқанын айтқан еді. Соның ішінде ҚҚС мәселесі де көтерілді.
"Банк операцияларына ҚҚС (НДС) енгізуді болдырмау. Үкіметтің банктік аударымдар мен басқа да банк операцияларына ҚҚС енгізу ұсынысы ақылға қонымсыз. Қазірдің өзінде банктер арасындағы аударымдар құны, ҚҚС енгізіледі деген болжаммен өсіп жатыр. ҚҚС қосылса, бұл банктердің емес, қарапайым азаматтардың шығындарын одан әрі арттырады. Біз бұл норманы қабылдамауды және негізгі қаржылық қызметтердің бағасының өсуіне жол бермеуді ұсындық", - деді депутат бұған дейін.