Белгілі әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойын онлайн форматта ақылы түрде көрсетуі салық заңнамасына сәйкес табыс көзі ретінде қарастырылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz "Nege.kz"-ке сілтеме жасап.
Бұл қазақ қоғамында алғаш рет өткізілген ақылы онлайн-той ретінде тіркелді.
«Қаралып отырған жағдайда онлайн-үйлену тойына қатысу үшін 1380 теңге көлемінде ақы алу табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер шараны ұйымдастырушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелсе, ол алған табысын декларациялап, жеке табыс салығын төлеуге міндетті», – делінген Комитет түсіндірмесінде.
Яғни, бұл табыс заң жүзінде салық салынатын кіріс ретінде қаралады.
Еске салайық, танымал әнші Сәкен Майғазиев көпшілікті ұлы Әділет пен келіні Әдияның үйлену тойын онлайн көруге шақырды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Әділет пен Әдияның қуанышына арнайы Telegram-арнасы ашылған. Тойды үйінде отырып-ақ тамашалағысы келетін жұрт осы арнаға тіркеліп, мерекенің ең жарқын сәттерін көре алады.
"Ұлымыздың үйлену тойын сіздермен бөлісу үшін арнайы жабық Telegram-арнасын аштық. Бұл арнада тойдың ерекше әрі қызықты сәттерін онлайн тамашалауға мүмкіндік бар. Қуанышымызға ортақтасып, онлайн тойымыздың қадірлі қонағы болуға шақырамыз", – делінген хабарламада.
Telegram-арнаға тіркеліп, тойдың онлайн қонағы болғысы келгендерге 1380 теңге төлеу қажет.