Сайлау туралы заңға өзгерістер қабылданды: кандидаттарға жаңа шектеулер енгізілді

Сайлау туралы заңға өзгерістер қабылданды: кандидаттарға жаңа шектеулер енгізілді
Gov.kz

Парламент екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестендіру, сайлау және прокуратура туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәжіліс мәліметінше, құжат өткен сайлау науқандары кезінде анықталған мәселелерді ескере отырып әзірленген.

Жаңа түзетулерге сәйкес әкімшілік аумақтық бірліктер өзгерген жағдайда сайлау комиссияларының өкілеттіктерін сақтау және беру тәртібі реттеледі. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің бала күтімі демалысы немесе оқу демалысы кезеңінде өкілеттігін уақытша тоқтатып, олардың орнына уақытша өкіл тағайындау тетігі енгізіледі.

Сондай ақ әкім лауазымына кандидаттар тең дауыс жинаған жағдайда қайта дауыс беру тәртібі бекітілген.

Құжатта кандидаттарды ұсыну тәртібіне де өзгерістер енгізілді.

Енді бір адам бір мезетте мәслихат депутаты және әкімдікке кандидат ретінде түсе алмайды. Бұдан бөлек бір кандидат бірнеше сайлау округінен қатар әкімдікке үміткер бола алмайды.

Сайлауалды үгіт жұмыстарына қатысты да жаңа талаптар пайда болды.

Кандидаттарға өз интернет ресурстарында және онлайн платформалардағы парақшаларында үгіт материалдарын жариялауға рұқсат беріледі. Алайда кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорынан тыс қаржыландыру тартуға тыйым салынады.

Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының құзыреті де кеңейтілді.

Егер дауыс беру, дауыстарды санау немесе қорытынды шығару кезінде заң талаптары бұзылса, жекелеген учаскелерде немесе әкімшілік аумақтарда сайлау нәтижелерін жарамсыз деп тану мүмкіндігі енгізілді.

Сонымен қатар үздіксіз өндіріс орындарында және вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұйымдарда азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерін ашуға мүмкіндік беріледі.

Тағы бір маңызды өзгеріс – дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым енгізілді.

Мәжіліс бұл әрекет сайлауалды үгітке теңестірілетінін атап өтті.

Не өзгерді?

Бұған дейін бір адамның бір уақытта бірнеше бағыт бойынша сайлауға түсуіне нақты шектеулер болмаған. Сондай ақ бюллетеньді түсіруге қатысты нақты норма көрсетілмеген еді.

Жаңа заң қабылданғаннан кейін кандидаттарды ұсыну тәртібі қатаңдатылып, сайлау комиссияларының өкілеттіктері нақтыланды. Бұдан бөлек онлайн үгіт жүргізу, сайлау қорларын пайдалану және нәтижелерді жарамсыз деп тану рәсімдері де нақты реттелді.

Заң жобасында Құрылтай жұмысына, пропорционалды жүйеге көшуге, Президент пен Құрылтай арасындағы өкілеттіктерді бөлуге және республикалық референдум өткізу тәртібіне қатысты нормалар да қамтылған.