Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халық партиясының негізгі спикерлерінің бірі ретінде жиі көзге түскен саясаткер Ермұхамед Ертісбаев белсенді саясаттан кететінін жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді. Ертісбаевтың айтуынша, Құрылтай сайлауы аяқталып, Қазақстан халық партиясы ресми түрде 3 пайыздан астам дауыс жинағаннан кейін өзінің саяси қызметіне қорытынды жасау туралы шешім қабылдаған.
«Мен белсенді саясаттан кетемін. Саяси өмірбаянымдағы бұл кезең аяқталды деп санаймын», – деді ол.
Саясаткер Қазақстан халық партиясының қазіргі төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың мәлімдемесін толық қолдайтынын атап өтті. Оның сөзінше, өзі екі айға жуық уақыт бұрын партия төрағасы қызметінен кеткен, ал қазір партияның жаңа басшылығы мен жаңа міндеттері бар.
Ертісбаев сайлау науқаны кезінде партия атынан еңбек еткен азаматтарға алғыс айтып, өздері ұсынған қазақстандық социализм идеясы қоғам тарапынан күткен деңгейде қолдау таппағанын мойындады.
«Біз әлеуметтік әділеттілік, ұлттық байлық, лайықты қарттық, еңбек құқығын қорғау, қолжетімді медицина мен білім беру туралы айттық. Қоғам өз таңдауын жасады. Ресми нәтиже белгілі болды. Саясаткер тек күресе білмеуі керек, сонымен қатар шындықты қабылдап, қорытынды шығара білуі тиіс», – деп жазды ол.
Оның пікірінше, қазақстандық социализм идеясының кең қолдау таппауына қоғамның әзір болмауы немесе бұл идеяны жеткілікті дәрежеде түсіндіре алмауы себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар Ертісбаев алдағы уақытта ішкі саясаттан гөрі халықаралық саясат, тарих және сараптамалық бағыттағы жұмыстарға ден қоймақ.
«Мен үшін ішкі саясат екінші кезекке ығысады. Негізгі бағытым журналистика, тарих, саясаттану және ағартушылық қызмет болады. АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қатынастар, Еуропадағы үдерістер, Орталық Азияның болашағы және Қазақстанның өзгеріп жатқан әлемдегі орны туралы халықаралық сараптаманы күшейтеміз», – деді ол.
Сондай-ақ саясаткер тарихқа арналған жаңа жобаны іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты. Оның мақсаты – өткендегі маңызды шешімдердің қазіргі өмірге әсерін көрсету. Жазбасының соңында Ермұхамед Ертісбаев Қазақстан халық партиясына табыс тілеп, жақтастарын сайлау нәтижесіне бола түңілмеуге шақырды.
«Саясатта жеңіс те, жеңіліс те болады. Адамның ұстанымы бір кеште телевизор экранында пайда болған пайыздармен өлшенбейді. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мен үшін бұл саяси кезең аяқталды. Енді қорытынды жасап, алға жылжу керек», – деп түйіндеді ол.