Бақытжан Сағынтаев қалаға қосылған шағын аудандарда инженерлік инфрақұрылымның біркелк дамымағанын, олардың мүлдем болмағанын немесе жеке меншікте екенін атап өтті. Сондықтан қалаға қосылған аумақтарда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететін «Жаңа Алматы» Кешенді даму жоспары қабылданды және жүзеге асуда.
Бүгінде Алматы сумен жобалық қуаты тәулігіне 1 миллион 377 мың текше метрді құрайтын 6 негізгі су көздерімен қамтамасыз етілуде. Бұлар – Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендері (тәулігіне 286,6 мың текше метр немесе 21%), сондай-ақ Алматы және Талғар жер асты (376 скважина, тәулігіне 1 090,5 мың текше метр немесе 79%) су көздері. Оның үстіне, қала тұрғындарының нақты тұтынатын су көлемі 650 мың текше метрді құрайды. Резерв – тәулігіне 700 мың текше метр су.
Қалада орталықтандырылған сумен жабдықтауға 1,8 млн тұрғын қолжеткізді, бұл қалалықтардың жалпы санының 91%-ын құрайды. Жеке скважиналар алматылықтардың 7%-ын сумен қамтамасыз етеді, бұлар – Медеу, Наурызбай, Алатау, Түрксіб және Жетісу аудандарында тұратын 138,2 мың адам.
Сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 3,6 мың км құрайды, оның 59%-ы тозығы жеткен, пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан және апаттық үлесі жоғары су құбырлары. Қолданыстағы желілердің басым бөлігі кеңес жылдарында салынған және 90-шы жылдары елдегі экономикалық жағдайға байланысты тиісті қызмет көрсетілмеген. Кәріз желілерінің ұзындығы 1,8 мың км, тозғандары - 60%-ға жуық.
2020 жылы Ақбұлақ, Алғабас, Әлмерек, Ақжар, Боралдай, Думан, Құрамыс, Қарғалы, Кемел, Көлсай, Қайрат, Көкшоқы, Мұзтау, Нұршашқан, Самғау, Таужолы, Тастыбұлақ, Шұғыла шағын аудандарына, сондай-ақ Жетісу ауданының 89 көшесіне 160 шақырым су құбыры және 140 шақырым кәріз желілері салынды. Бұларға 60 мыңға жуық жеке үй қосылатын болады.
Сумен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету үшін өткен жылы 14,6 шақырым сумен жабдықтау және 1,8 шақырым судан бөлу желілері реконструкцияланды.
Жоғарғы аймақтарда сумен жабдықтау көздерінің тапшылығына орай Наурызбай ауданында тәуліктік қуаты 15 мың текше метр болатын «Қарғалы» су жинайтын құрылым салынуда. Жобаны жүзеге асыру Қарғалы, Қарағайлы, Таусамалы, Құрамыс, Тастыбұлақ шағын аудандарындағы 35,5 мың тұрғынды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тәуліктік қуаты 22 мың текше метр болатын «Ақсай» су жинайтын нысанның ЖСҚ-ын әзірлеу де аяқталуға жақын. Жоба Тастыбұлақ, Ақжар, Таужолы, Шұғыла шағын аудандарының 40 мың тұрғынын сумен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, тәуліктік қуаты 9 мың текше метр болатын «Ерменсай» су жинайтын нысанның ЖСҚ әзірлеуді аяқтау жоспарлануда. Бұл Бостандық ауданының Нұрлытау, Ремизовка шағын аудандарының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі 22 мың тұрғынды қамтамасыз етеді.
Қазіргі кезде Әлмерек, Алғабас, Ақжар, Әйгерім-1, 2, Боралдай, Құрамыс, Кемел, Қайрат, Көкшоқы, Қарасу, Көлсай, Каменка үстірті, Нұршашкан, Төменгі Пятилетка, Теректі, Таусамалы, Таужолы, Жас Қанат, Өжет, Шұғыла, Шапағат, Шаңырақ-1, Мұзтау сынды 23 шағын аудандарында және Жетісу ауданының 89 көшесінде ұзындығы 170 км болатын су құбырлары желілерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 23,2 мың үйді жаңа желілерге қосу жоспарлануда. Алдағы 2 жылда тағы 36,5 мың үй сумен қамтылатын болады.
«Жаңа Алматы» Кешенді жоспарын іске асыру аясында 24 шағын ауданда 140 км судан бұру желілері салынады. Биылғы жылы 23 мың үйді жаңа желілерге қосу жоспарлануда. 2022-2024 жылдары 36,7 мың үйді қосу жоспарланған.