Садықовқа шабуыл жасаған күдіктілер ұсталған: ІІМ мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 21 мау. 2024 10:33 3111

Айдос Садықовқа қастандық жасағандар ұсталған. Бұл жайтты оның әйелі Наталья Садықова мәлімдеді. Садықованың айтуынша, оқиғаға қатысы бар күдіктілердің бірі Қостанай облысының Ішкі істер департаментінде жұмыс істейтін Мейрам Қаратаев болған. Ішкі істер министрлігі осы мәлімдемеге жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство Қаратаевтың ІІМ органдарында жұмыс істемейтінін айтты.

"Азамат М.Қаратаевқа қатысты оның 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлаймыз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес істің барлық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жедел іс-шаралар жүргізудеміз. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі", - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Украинаның Бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді. 

Айдос Садықов Украинада ресми босқын мәртебесін алған. Ал 2023 жылдың қазан айында Садықовқа Қазақстанда "әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны" үшін іздеу жарияланған болатын.

Бұған дейін Ермұрат Бапи Айдос Садықовты жақсы білетінін, ал "Бәсе" қатардағы оппозициялық ресурс екенін айтты. Сондай-ақ, депутат бұл қастандыққа Қазақстан билігінің реакциясы жөнінде, Қазақстанның ендігі әрекеті қандай болатыны туралы пікір білдірді.

"Садықовтардың кәсіби, саяси көзқарасы қалай болғаны маңызды емес. Ең маңыздысы ол - Қазақстан азаматы. Қай жерден барып саяси баспана алса, ол - екінші кезектегі мәселе. Сондықтан Қазақстанның билігі, Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдары Украина тарапына шығып, бұл мәселеге араласуы керек, сұрау салуы керек. Бұл халықаралық дәрежеде резонанс алған оқиға ғой. Бір елдің азаматын екінші бір елде атып кету деген, оның үстіне журналист болса, оппозициялық ресурстың жетекшісі болса, міндетті түрде Қазақстанның тарапы араласуы керек. Екіншіден, Қазақстанның бұған ешқандай да қатысы жоқ екенін дәлелдеуі керек қой. Қазақстан тарапы үнсіз қалатын болса, онда басқа да пікір тууы мүмкін. Қазақстанның билігі бұл іске міндетті түрде араласып, істің мән-жайын білуге әрекет етуі керек деген ойым бар", - деді Бапи.

Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бұл іс бойынша тергеуге қатысуға дайын екенін айтты.

"Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент."


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар