«Что было дальше» шоуы Қазақстанға көшіп келуі мүмкін. Бұған бірнеше себеп бар: Нурлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынуы, ЧБД тауарлық белгісін тіркеуден бас тарту және жекелеген қонақтар үшін локацияның қолайлылығы, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ЧБД командасы релокация туралы 2023 жылы-ақ ойлана бастаған. Сол кезде Қазақстанда пилоттық түсірілім де жасаған - рэпер Скриптонит пен стример Зубарев қатысқан шығарылым түсірілді. Ал Сабуровтың депортациясы соңғы шешуші аргументке айналды. Жоспар бойынша, команда Қазақстанға тұрақты түрде көшіп, студия жинақтауды, қонақтар пулын қалыптастыруды көздеп отыр. Бұл тізімге Ресейде түсірілімге келуі мүмкін емес адамдар да енеді. Сонымен қатар ЧБД тауарлық белгісін ресми түрде тіркеу жоспарда бар.
Бұл тауарлық белгіні Ресейде жобаның продюсерлері Максим мен Дарья Морозовтар 2022 жылдан бері тіркетуге тырысқан. Алайда сот бірнеше рет бас тартқан. Негізгі уәж - ЧБД жобасын жасауда Морозовтың жалғыз өзі автор екеніне дәлелдердің жоқтығы. Дәлел ретінде Максим сотқа Сабуров, Щербаков, Кашоков, Макаров және Масаевтың бейнеүндеулерін ұсынған, онда олар брендті тіркеуге келісім берген. Алайда бұл да нәтиже бермеді.
Анықтама үшін: жоба 2019 жылы Medium Quality командасы тарапынан, продюсер Вячеслав Дусмухаметовтің жетекшілігімен іске қосылған. Алғашқы он айда ЧБД шығынмен жұмыс істеді - жарнама берушілер жобадағы шамадан тыс токсикалық контентке байланысты бас тартқан. Кейін жоба ең табысты шоулардың біріне айналды.
2023 жылы жоба VK Видео платформасына көшіп, Хасбик қатысқан алғашқы серия 1 сәуірде шықты. 2024 жылғы қыркүйекте қайтадан YouTube-ке оралды. Mash дерегінше, камбэкке бастамашы болған - Морозовтар. Олар Сабуровты, Щербаковты және өзге қатысушыларды Дусмухаметовтен кетуге және «Что было дальше» брендин өздерімен бірге алып шығуға көндірген.
2025 жылғы дерек бойынша, ЧБД бір кәдімгі шығарылымнан шамамен 35 млн рубль, ал жаңажылдық эпизодтан 60 млн рубльге дейін табыс тапқан. Бұл - бір шығарылымда 4–6 жарнама слотын 4–12 млн рубльден сату есебінен. Бұдан бөлек, YouTube-тегі монетизация да бар: арна Германияда тіркеліп, төлем жүйесіне қосылған.
