Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде сот тергеуін қайта жалғастыру туралы шешім қабылданып, қылмыстық іс прокурорға жолданды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бүгін, 1 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бастапқыда сотталушы, ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың соңғы сөзі тыңдалуы тиіс болған.
Алайда жәбірленуші тараптың өкілі Нұрсұлтан Орынбеков жаңа өтінішхат түсірген. Соған байланысты сот сот тергеуін қайта бастау туралы шешім қабылдады.
Сот отырысы барысында жәбірленуші тарап Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі үйді салушы және басқа да тұлғаларға қатысты ісімен біріктіру мәселесін қарауды сұрады.
Бұған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты үйдің құрылысына қатысы бар тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешімді жойған. Осыдан кейін аталған өндірісті Жұбаниязоваға қатысты іспен біріктіру мәселесі көтерілді.
Судья Меруерт Абаеваның айтуынша, сот шешім қабылдау кезінде құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысын да ескерген. Сараптамаға сәйкес, ғимарат қаптамасының құлауына конструкциялық ақаулар мен құрылыс технологиясының бұзылуы себеп болуы мүмкін.
«Бұл істі тек ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың әрекеттерін бағалау арқылы қарауға болмайды. Қолда бар құрылыс-техникалық сараптама қорытындысында апаттың бірнеше ықтимал себебі, оның ішінде конструкциялық кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылуы көрсетілген. Сондықтан апаттық жағдайдың туындауына қатысы болуы мүмкін барлық тұлғаның әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуі тиіс», – деді судья Меруерт Абаева.
Соттың пікірінше, ғимараттың қирауына қатысты барлық мән-жай кешенді түрде зерттеліп, оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі қажет.
«Жұбаниязоваға қатысты істі жеке қарау әзірге ерте», – деп атап өтті судья.
Осыған байланысты сот жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырып, қылмыстық істі прокурорға жолдады. Енді прокурор Жұбаниязоваға қатысты істі үйді салушы және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешеді.
Сот бұл шешім ешкімнің кінәсі анықталды дегенді білдірмейтінін арнайы атап өтті.
«Осы қаулымен Жұбаниязованың немесе басқа тұлғалардың кінәсі туралы мәселе шешілген жоқ. Іс өндірістерді біріктіру және болған қайғылы оқиғаның мән-жайларын толық тергеу мәселесін шешу үшін прокурорға жолданды», – деп түсіндірді Меруерт Абаева.
Сәуле Жұбаниязоваға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.
Еске салайық, трагедия 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болған. Тұрғын үйдің фасадындағы қаптама құлаған кезде оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы келген. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада қайтыс болған.