Риддер қаласында салынып жатқан заманауи емхана кешенінің құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz "24.kz"-ке сілтеме жасап.
Жоспар бойынша 200 орындық стационар мен бір ауысымда 500 науқасты қабылдай алатын емдеу мекемесі биыл жыл соңында пайдалануға берілуі тиіс. Алайда құрылыс жұмыстары кезінде жобаның бірқатар бөлігіне түзетулер енгізілуіне байланысты жұмыс барысы біраз уақытқа кешеуілдеген еді.
Соған қарамастан қайтарылған активтер есебінен 28 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, былтыр құрылыс қайта жанданып, жаңа қарқынмен ілгеріледі.
Бүгінде 55 мың тұрғыны бар Риддер үшін бұл емхананың маңызы зор. Қала тұрғындары талай жылдан бері ескі әрі тар ауруханада емделіп келген. Енді олар кардиология, инсульт және күйік орталықтары бар, заманауи талаптарға сай ірі медициналық кешенде толық қызмет ала алады.
- Қайтарлыған активтерден бөлінген қаржы шаруаны ширатты. Емхана құрылысы 80%-ға, ал стационар 35%-ке аяқталды. Биыл желтоқсан айында нысан толық салынып, қолданысқа берілуі тиіс, - дейді ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Арайлым Кенжеғұлова.