Рудныйдағы көше атауын қазақшалауға қарсы келіншек әкімшілік жауапқа тартылды

Қаракөз Амантай 25 қар. 2025 19:30

Рудный қаласының тұрғыны Екатерина Корчагинаға қатысты “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полицияның мәлімдеуінше, 21 қарашада өткен қоғамдық тыңдау барысында әйел белгіленген регламентті бұзып, дөрекі әрі бейәдеп сөздер қолданған. Бұл әрекетімен ол қатысушыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Әкімшілік сот әйелге 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Еске салайық, 21 қараша күні Рудный қаласында көше атауларын өзгертуге арналған тарихи қоғамдық тыңдау өтті.

Тыңдалымда қаладағы Иван Франко көшесін - Әлия Молдағұлова, ал 50 лет Октября көшесін - Достық деп өзгерту мәселесі қаралды. Рудный қаласының белсендісі әрі жергілікті автомектептің директоры Екатерина Корчагина тыңдау кезіндегі сөзімен қызу талқыға түсті. 

Бұл оқиғаға қатысты саясаттанушы Данияр Әшімбаев назар аударып, талдау жасаған болатын. 

Ал заңгер Әділетхан Молдахан Корчагинаның әрекетін “ұлтаралық араздықты қоздырудың мәдени нұсқасы” деп бағалап, оның сөзі Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша саралануы мүмкін екенін айтты.

"Арыз жазамыз. Басқа ұлт өкілдеріне айтарым: Қазақстанда тұру ұнамай ма, регламент, заңнамасы ұнамай ма - басқа елге көшіңіздер. Бұл ұлтаралық алауыздықтың мәдение түрі. "Регламенттеріңізге түкіргенім бар" деп тұр. Қазір кеңес үкіметі жоқ", - деді заңгер. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар