Рудный қаласындағы музейдің экспозициясына қатысты әлеуметтік желіде сын айтылды, деп хабарлайды Dala News.
TikTok желісінде тараған видеода автор музейде Қазақстанның тәуелсіздігіне немесе ұлттық болмысына қатысты деректердің жоқ екенін алға тартады. Оның айтуынша, экспозиция негізінен Кеңес дәуіріне арналған.
«Мұнда қаланың қалай құрылғаны, кен өндірісі көрсетілген. Бірақ бұл Қазақстан екенін білдіретін ештеңе жоқ. Барлығы кеңестік кезең, орыс тұрмысы», – дейді видео авторы.
Кадрлардан музей ішінде кеңестік символика, тұрмыстық заттар мен сол кезеңге тән экспонаттар көрсетілгені байқалады.
Желі қолданушылары арасында бұл жағдай түрлі пікір тудырды. Бірі музейдің тарихи бағытына байланысты екенін айтса, енді бірі ұлттық мазмұнның аздығын сынға алды.
Әзірге Рудный қаласының музейі немесе жергілікті билік бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
