Роман Скляр қызметкерлеріне дөрекі сөйлеген ҚТЖ қызметкерінің әрекеті туралы пікір білдірді

Көркем Алдабергенова 31 шіл. 2025 13:25

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ҚТЖ-дағы басшылық қызметте отырған адамның қоластындағыларға айғайлап, ұрсып жатқан видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Нұрлан Ермекұлы айтқандай, ҚТЖ өте күрделі компания. ҚТЖ-да ең бастысы қауіпсіздік. Теміржолшымен әңгіме жүргізілді. Бәрі түсіндірілді. Ол жұмысын жалғастыруда", - деп қазақ тілінде жауап берді Скляр. 

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» ЖШС-нің локомотив шаруашылығы жөніндегі бас директорының орынбасары қызметкерлермен қатты дауыс көтеріп, бейәдеп сөздер қолданған сәті түсірілген видео тарады.

ҚТЖ бұл видеодағы адамның шынында да компания басқарушыларының бірі екенін растады. Ұлттық компания өкілдері оның әрекеті үшін әңгіме жүргізілгенін хабарлады.

Сонымен қатар, ҚТЖ басшылық өкілінің мұндай эмоцияға баруына белгілі бір себептер болғанын айтып, оны ішінара ақтап отыр. Ұлттық компания оның шамадан тыс эмоционалды болуын «жағдайдың күрделілігімен» байланыстырды.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады. 

Президентке ұлттық компания қызметінің нәтижелері туралы мәлімет берілді.

Талғат Алдыбергенов: 

  • биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша эксплуатациялық жүк айналымы 8,6 пайызға ұлғайғанын айтты.

Транзит тасымалының көлемі 14,6 миллион тоннаға жеткен.

Трансұлттық теміржол дәлізін қалыптастыру үшін 1700 шақырымнан астам жаңа желі салынып, 3 мың шақырым жол жаңғыртылып жатқаны туралы баяндады:

  • биыл Достық-Мойынты учаскесіндегі жолдың екінші бөлігі және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады;
  • Дарбаза – Мақтаарал жобасын іске асыру жалғасуда;
  • Бақты – Аягөз және Қызылжар – Мойынты желілерінің құрылысы басталды.

Терминал желілерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде мәлімет берді.

Цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударылатынын жеткізді:

  • Әлемдік деңгейдегі инновацияның көшбасшыларымен бірлесіп, теміржол көлігінің сапасын жақсарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған;
  • Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттік декларацияны ресімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның транзит әлеуетін және экономикасын дамытуда компания үлкен рөл атқаратынын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртудың маңызына тоқталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар