Үкімет Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының жылу жүйесін жаңғыртуға резервтен шамамен 1,8 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аталған шешім Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасын орындау аясында қабылданғаг. Бөлінген қаражат қаланың жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыруға және алдағы 2026–2027 жылғы жылыту маусымына сапалы дайындалуға бағытталады.
Жоспар бойынша қаржы жылу желілерінің ең тозығы жеткен 12 учаскесін жаңартуға, сондай-ақ Риддер ЖЭО-дағы №5 және №6 қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады. Бұл – қаладағы жылу инфрақұрылымының әлсіз тұстарын жүйелі түрде қалпына келтіруге бағытталған негізгі шаралардың бірі.
Үкімет мәліметінше, жөндеу жұмыстарының қажеттілігі техникалық тексерулер нәтижесінде анықталған. Мамандар жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін алдымен апатты жағдай қаупі жоғары нысандарды айқындап, соларды жаңғыртуға басымдық берген.
Өткен жылыту маусымында бірқатар учаскелерде тозу белгілері мен ақаулар тіркелген. Бұл жағдай желілерді кезең-кезеңімен жаңарту қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеген.
Жалпы алғанда, қолға алынған жөндеу жұмыстары Риддердегі жылу жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік береді.