Ресейлік философ әрі саяси идеолог Александр Дугин посткеңестік кеңістіктегі тәуелсіз мемлекеттер кезеңі аяқталғанын мәлімдеп, бірқатар елді Мәскеудің ықпал аймағына қайта қосуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тікелей эфир барысында ол қазіргі жаһандық өзгерістер аясында Ресей әлемдегі басты геосаяси күш орталықтарының біріне айналуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, стратегиялық маңызы бар аймақтар Кремль бақылауында болуға міндетті, өйткені Ресей ықпалынан тыс қалған мемлекеттер ерте ме, кеш пе өзге державалардың мүддесіне қызмет ететін құралға айналады.
Дугиннің айтуынша, бейтарап аумақ деген ұғым іс жүзінде жоқ.
«Үшполюсті әлем жағдайында біздің басты міндетіміз - ең ықпалды күш орталығы болу. Ресей шын мәнінде егемен, кең ауқымды және дербес мемлекетке айналуы керек. Ал біз бақыламай отырған кеңістіктер ешқашан өз бетімен бейтарап болып қала алмайды», - деді ол.
Ол сондай-ақ жеке мемлекет ретінде өмір сүруіне жол берілмеуі тиіс елдердің тізімін де атады. Дугин бұл қатарға Қазақстанды, Өзбекстанды, Қырғызстанды, Тәжікстанды, Арменияны, Грузияны және Әзербайжанды енгізді.
«Егемен Армения, егемен Грузия, егемен Әзербайжан, егемен Қазақстан, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанның тәуелсіз мемлекет ретінде сақталуына келісуге болмайды», - деп мәлімдеді ол.
Идеолог ұсынған тұжырымдамада ұлттық егемендік ұғымына орын жоқ. Оның пайымынша, аталған елдер Ресейдің жетекшілігіндегі біртұтас саяси одақтың құрамына енуі тиіс. Ал мұндай жол таңдалмаған жағдайда, олар Батыс елдері, Еуропалық одақ, АҚШ немесе Қытай сынды өзге геосаяси орталықтардың ықпал алаңына өтеді.
