Белгілі саясаткер Әміржан Қосан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әскери-саяси ұйымы ҰҚШҰ төңірегінде болып жатқан саяси мәселелерге байланысты пікір білдірді. Соның бірі – Армения премьер-министрі Никол Пашинянның "ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтату" туралы жасаған мәлімдемесі. Осы тұста саясаткер бұл өзгерістер ҰҚШҰ-ның бүгіні мен болашағына қалай әсер ететіні туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Саясаткер Пашинянның мұндай мәлімдеме жасауына армяндар мен әзірбайжандар арасындағы саяси қақтығыстың түрткі болғанын жеткізді.
"Пашинянның бұл демаршының ең басты себебі сол: Армения мен Әзірбайжан арасындағы Қарабаққа дау-дамай баршаға аян, сол дағдарыс кезінде ҰҚШҰ Арменияға қол ұшын созған жоқ. Міне, Пашинян соны меңзеп отыр", - дейді Қосанов.
Айтуынша, бүгінде ҰҚШҰ өте терең дағдарыстық жағдайдың алдында тұр. Бұған байланысты негізгі 4 себеп бар екенін ашып айтты.
"Бірінші әрі басты себеп – ол ҰҚШҰ-ның басты акционері ретіндегі Ресейдің басқыншылық саясаты. XXI ғасырда жаңа соғыс ашып, бүкіл өркениетті әлемнің алдында қарабет болған оның көлеңкесі ҰҚШҰ-ға да түсіп тұр. Ұжымдық шартқа қол қойған мемлекеттердің өзара міндеттемелері бар. Бұндай жағдай ҰҚШҰ мүшелерінің Украинамен қарым-қатынасына өз салқынын тигізетіні айтпаса да түсінікті. Екіншіден, Ресейді аннексиялық қарқыны жаман. Кеше ғана Медведев өз сұхбатында "Украина деген мемлекет жоқ, ал Киев "орыс қалаларының анасы", қажет болса, Киевке дейін барамыз" деген сыңайда пікір айтты. Оның алдында Путин "потстсоветтік мемлекеттердің жері Мәскеуден алған сыйлық» дегендей ой білдірді. Осынау өрескел сөздер Ресеймен бір ұйымда мүше боп жүрген елдерге көрсетілген сес емей не дейсіз?! Мұның бәрі ҰҚШҰ-дағы ішкі ахуалға әсер ететтіні сөзсіз", - деп атап өтті ол.
Ал үшінші себеп ретінде саясаткер ұйым ішіндегі әр елдің геосаяси жағдайы, мәселен түркі-славян туыстығына байланысты басым бағыттары бар екенін алға тартады. Өз кезегінде бұл мәселе қандай да бір қақтығыстарда шешуші роль атқаруы мүмкін дейді. Сонымен қатар төртінші себепке Ресей жетекші роль атқаратын ҰҚШҰ секілді ұйымға мүше басқа елдер "ұжымдық Батыспен" дербес қарым-қатынас жасауға әрекеттеніп жатқанын жатқызады.
"Мұндай талпынысқа Ресеймен бір әскери ұйымда болу теріс әсер етері хақ.
Пашинянның ҰҚШҰ-ға қатысты ащы сынын Францияда айтқанын ескеруіміз керек. Францияда армяндардың мықты да ықпалды диаспорасы, өз лоббиі бар екені белгілі. Армения қару-жарақты басқа елден емес, дәл Франциядан сатып алып жатқаны да көп нәрсені аңғартса керек. ҰҚШҰ-мен қарым-қатынасты тоқтатса да, Пашинян өз еліндегі ресейлік әскери базасына қатысты "ол екі мемлекет арасындағы мәселе" деп жылы жауып қойғаны да түсінікті: Армения Ресейге көп мәселеде тәуелді, сол себепті онымен бас жаққа барыспайды. Армения географиялық жағынан Еуроодаққа жақын, мәселен, НАТО-ның мүшесі Туркиямен шекаралас. Уақыт өте, Еуроодаққа қарай жылжуы да мүмкін. Ол үдерісті Франция сияқты мемлекет қолдауы да мүмкін", - дейді Қосан.
Осы тұста саясаткер ҰҚШҰ-ның бүгіні мен болашағына байланысты туындауы мүмкін мәселеге де тоқталып өтті. Айтуынша, ұйым тағдыры Ресей Федерациясының шешіміне тікелей байланысты болмақ.
"Шынын айтсақ, ҰҚШҰ дегеніміз Ресейдің постсоветтік кеңістікте өзінің әскери (және басқа) ықпалын сақтап қалудың бір амалының ұйымдық формасы. Осы ұйымның сақталуына Ресей қаншалықты мүдделі болады, ұйым тағдыры соған ғана байланысты", - деп атап өтті ол.
Сонымен бірге ол ҰҚШҰ-дағы өзгерістер Қазақстанның ертеңіне айтарлықтай әсер етпейтінін жеткізді.
"Қазақстан болса, соңғы кезде, әсіресе, Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты, халықаралық заңнама, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен құжаттарына сүйенуі керектігін жиі айтып жүр. Бұл өзі дұрыс тенденция. Армения не басқа ел ҰҚШҰ-дағы мәртебесіне қайта қарап жатса, бізге тиіп кетері аз: біз өз Тәуелсіздігімізді, соның ішінде жер тұтастығымызды өзіміз қорғай алатын мемлекет болуымыз керек. Бар мәселе сонда!", - деп сөзін қорытындылады Әміржан Қосан.
Еске салайық, бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян France 24 телеарнасына берген сұқбатында ҰҚШҰ Арменияға қатысты өз міндетін орындамауына байланысты, мүшелігін тоқтататынын хабарлаған болатын.
“Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Арменияға қатысты, әсіресе 2021-2022 жылдары орындалмады. Бұл назардан тыс қалмайды. Біз бұл келісімге қатысуымызды тоқтаттық. Әрі қарай не болатынын көреміз", - деді Пашинян.
Оның айтуынша, бірнеше ай бұрын Мәскеу "армян халқын билікті құлатуға ашық түрде үндеген". Ол "Мәскеудің Ереванға қарсы үгіт-насихаты толастамай отырғанын" да атап өтті.