Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтті. Осы тұста сенатор Әлібек Нәутиев премьер-министрге маңызды сауал жолдап, шетелден келетін тауарларды тексерістен өткізу қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенатордың айтуынша, Қазақстанның ішкі нарығында ауылшаруашлыққа арналаған және отандық кәсіпорындарда өндірілген азық-түліктер импортқа әлі де тәуелді. Себебі еліміз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауылшаруашылық тауарларын жеткізу бойынша 7%-ға ғана ие.
Сонымен қатар ол шет елден келетін тауарлар Қазақстанда тексерілмейтінін де ерекше атап өтті.
"Қазақстанға көршілес елдерден азық-түлік, оның ішінде ауылшаруашылығы өнімдері көптеп тасымалданады. Алайда олардан келіп, шекарадан өткен өнім еш кедергісіз саудаға шығарылады. Біздің шаруалардың да Ресейге өз өнімдерін шығаруға мүмкіндігі бар. Дегенмен бізден оларға шығарылған өнім өзіміздің зертханада және шекарада тексеріледі. Содан кейін 15-20 күн ол елдің зертханасында тексерістен өтеді", - деді Әлібек Нәутиев.
Оның мәлімдеуінше, бұл халық денсаулығын қорғауға бағытталады. Сондықтан өнімдерді тек көршілес елдердің зертханасынан ғана емес Қазақстан зертханасынан да халық денсаулығына қауіпсіздігін қадағалау қажет екенін жеткізді.
"Сарапшылардың пікірінше, Ресейдің ауылшаруашылық өнімдерінде түрлі биохимиялық қоспалар бар. Оған нақты дәлелдер де жеткілікті. Бұл қоспалардың онкологиялық ауруларды тудыру қаупі өте жоғары", - деп түсіндірді депутат.
Фото: ҚазАқпарат
https://dalanews.kz/aimak/98407-maqtaaraldyq-sharualar-160-gektar-zherge-q