Көкшетау, Өскемен және Семейде жаңа жылу электр орталықтары салынады. Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев қаржы тартудағы ең ықтимал нұсқа Ресей үкіметінен субсидиямен несие алу деген еді. Қазір бұл сценарийдің жүзеге асуы қиындай түскені байқалады. Мәселе неде? Dalanews.kz материалында.
Ресей қаржылық қиындыққа тап болып отыр ма?
Бүгін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ресейлік тарап жабдық бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауда қиындықтарға тап болғанын растады.
Алайда Роман Скляр келіссөздер жалғасып жатқанын, ал алдын ала дайындық жұмыстары тоқтамағанын айтты.
"Ресей қаржы бөле алмаса, басқа инвестор табамыз. Әзірше әлеуетті қарыз берушілер жоқ. Бірақ бұл мәселе жақын арада, маусымның соңына дейін шешіледі деп ойлаймын", - деді ол.
Сарапшы сыны
Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, Ресей үш жаңа көмір электр станциясын қаржыландыруға тиіс болатын, екі жылға жуық уақыт өтсе де, әлі "мүлгіген" тыныштық.
"Осы жобалар үшін мемлекетаралық келісім жобасы дайындалған еді, бірақ бұл жерде де қаржыландыру мәселелері туындады", - деді ол.
Жоба туралы не белгілі?
2023 жылы 9 қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша Көкшетау, Семей және Өскеменде ЖЭО салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалған еді.
Кейін депутаттар Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Келісім шеңберінде Көкшетау (болжалды қуаты 248 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында көмір өндіру негізінде ЖЭС салу жоспарланды.
Бұған дейін "Самұрық Энерго" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қайрат Мақсұтов Ресей Қазақстанда жылу электр орталықтарын салу үшін қанша қаржы жұмсалуы мүмкін екенін айтты.
"Бұл мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады. Смета болмаған кезде индикативті деп аталатын құн бар. Болжамды сома - 330 миллиард теңге, әрбір ЖЭО-ға 270 миллиард теңге жұмсалады", - деді ол бұған дейін Үкіметтің баспасөз орталығында.