Ресейде байқалып отырған жанармай тапшылығы Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етуі мүмкін. Экономист Арман Байғанов көрші елдегі ахуалдың салдары туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан қазіргі таңда ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етуге қауқарлы болғанымен, баға айырмашылығының тым жоғары болуы тәуекелдерді күшейтіп отыр.
“Қазақстан мен Ресей арасында Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ экономикалық кеңістік қалыптасқан. Сонымен қатар екі елдің шекарасы өте ұзын. Сондықтан жанармайдың заңсыз тасымалын толық бақылау қиын. Қазір Қазақстандағы жанармай бағасы Ресеймен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Кейбір жағдайда айырмашылық 50-70 пайызға дейін жетеді. Бұл өз кезегінде бензин мен дизельді көрші елге шығаруға ынталандырады”, – дейді экономист.
Оның айтуынша, Ресей экономикасының ауқымы Қазақстаннан бірнеше есе үлкен болғандықтан, жанармай ағынының бақылаусыз кетуі ішкі нарықтағы тапшылыққа әкелуі мүмкін.
“Егер контрабандалық жолдар немесе өзге де заңсыз тасымал арналары сақталса, мұны толық бақылау өте қиын болады. Сондықтан баға айырмашылығын азайту қажет. Ұзақ мерзімде Қазақстан жанармайдың босату бағасын біртіндеп көтеруге мәжбүр болуы мүмкін. Әйтпесе ішкі нарықта тапшылық қаупі күшейеді”, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, мұндай қадамның кері әсері де бар. Жанармай бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне ықпал етіп, тауарлар мен қызметтердің құнына әсер етуі мүмкін.
Арман Байғанов қазіргі жағдайда Үкіметтің негізгі міндеті – жанармайдың заңсыз сыртқа шығарылуын барынша шектеу екенін атап өтті.
“Егер Қазақстаннан Ресейге, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанға жанармайдың бақылаусыз ағылуына жол берілмесе, еліміз ішкі сұранысты қамтамасыз ете алады. Алайда шекарадағы бақылау әлсіз болса, тапшылықтың алдын алу үшін бағаны көтеру қажеттілігі туындайды”, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, Ресейдегі жанармай тапшылығының Қазақстанға әсерін азайту үшін шекарадағы бақылауды күшейтіп, контрабандалық тасымал арналарына тосқауыл қою маңызды. Сонымен қатар ішкі нарықтағы баға саясатын көрші елдермен арадағы айырмашылықты азайтатындай деңгейде кезең-кезеңімен реттеу қажет.