Ресейдегі соғыс аймағынан 14 қазақстандық елшілікке жеткізіледі деген ақпарат расталмады

Ресейдегі соғыс аймағынан 14 қазақстандық елшілікке жеткізіледі деген ақпарат расталмады
2gis.kz

Әлеуметтік желілерде бүгін Ресейдегі Қазақстан елшілігіне соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтан 14 Қазақстан азаматы жеткізіледі деген ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, аталған мәселе қоғам үшін, әсіресе жақындарынан хабар күтіп отырған азаматтардың туыстары үшін өте маңызды. Сондықтан тексерілмеген ақпаратты таратуға жол беруге болмайды.

«Бұл мәселенің қоғам үшін және азаматтарымыздың туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сол себепті расталмаған мәліметтерді таратуға болмайды. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды жаңылыстырып, жалған үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау бағытындағы министрліктің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін», – деп хабарлады ҚР СІМ.

Министрлік қазіргі уақытта Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл мәселе тұрақты бақылауда екені де айтылды. Сыртқы істер министрлігі азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.