Қазақстанда авиациялық керосин өндірісі күрт өсіп, мамыр айында рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Мұнай және газ Қазақстан» телеграм-арнасының мәліметінше, мамыр айында отандық мұнай өңдеу зауыттары 96,2 мың тонна авиаотын өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. 2025 жылдың мамырында өндіріс көлемі 64,7 мың тоннаны құраған.
Өндірістің өсуіне Ресейден жеткізілетін импорт көлемінің күрт қысқаруы себеп болды. Нарық қатысушыларының бағалауынша, маусымның алғашқы жартысында Ресейден Қазақстанға небәрі 1,9 мың тонна авиаотын жеткізілген. Мамыр айында бұл көрсеткіш 23,1 мың тоннаны құраған.
Сарапшылар жеткізілімнің төмендеуін ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон шабуылдарынан кейін бірқатар кәсіпорындардың жұмысы бұзылуымен байланыстырады.
Осы аралықта Беларусьтен импорт ұлғайған. Маусымның алғашқы жартысында Беларусьтен 6,58 мың тонна авиаотын жеткізілсе, мамыр айында бұл көлем 940 тонна болған.
Мамандардың айтуынша, маусым айында Қазақстанның авиаотынға деген қажеттілігі 110 мың тоннаны құрайды. Ал отандық зауыттардың жоспарланған өндірісі 73,4 мың тонна деңгейінде.
Осыған байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты авиаотын өндірісінің үлесін 4,05%-дан 4,51%-ға дейін арттырған. Алайда 26 маусымнан бастап кәсіпорынның бір бөлігі жоспарлы жөндеуге тоқтайды, бұл нарықтағы жағдайды одан әрі күрделендіруі мүмкін.
Сонымен бірге Ресей үкіметі қараша айының соңына дейін авиациялық керосин экспортына уақытша шектеу енгізгенімен, Қазақстанға жеткізілетін отын толық тоқтамайды. ЕАЭО елдерінің индикативтік балансы аясында Ресейден Қазақстанға 2026 жылы 300 мың тонна авиаотынды бажсыз жеткізу жөніндегі үкіметаралық келісім күшінде қалып отыр.