Журналистер алдымен қалашық аумағын аралап, күрделі жөндеуден өткізілген оқу ғимараттары мен жатақханаларда болып, мәдени-әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы журналистер қауымына оқу орнының даму бағдарламасы, кампусты жаңғырту жоспары және атқарылған жұмыстар туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихы тереңде, қалыптасқан дәстүрі бар, жетістігі мол еліміздегі көшбасшы жоғары оқу орны. Қазір университет құрамында 16 факультет, 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық жұмыс істейді. Сонымен бірге Медициналық диагностикалық орталық, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ыстықкөлде спорттық-сауықтыру лагері жұмыс істейді. 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханасы іске қосылған.
Университет басшысы өз сөзінде жоғары оқу орнында оқытушыларды материалдық жағынан ынталандыруға ерекше көңіл бөлінетініне тоқталды. Мәселен, биыл жалақы екі рет көтерілді. Бірінші рет ақпанда 20 пайызға өссе, екінші рет Білім және ғылым министрлігінің нұсқауына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап белгіленді. Қазір мұғалімнің ең төменгі жалақысы – 285 мың, аға оқытушыға – 312 мың, – қауымдастырылған профессорға – 389 мың, профессорға 500 мың теңге көлемінде белгіленді.
ҚазҰУ-да 650-ден астам білім беру бағдарламалары жұмыс істейді. Биыл ең өзекті әрі перспективалық бағыттар бойынша 100-ден астам жаңа оқу бағдарламасы іске қосылды. Олардың қатарында неврология, киберфизика, биологиялық инженерия, роботтық жүйелер, жаратылыстану мен инженерлік-техникалық бағыттағы табиғи және технологиялық тәуекелдер енді. Әлеуметтік-гуманитарлық бағытқа: мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық экономика, креативті индустриялар, медиа-коммуникация, ақылды қала экономикасы сияқты мамандықтар бар.
Бүгінгі күні жоғары оқу орнының инфрақұрылымын модернизациялау жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр. Биыл 7 оқу ғимаратында косметикалық жөндеу жүргізілді, 3 оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. 14 жатақхана жөндеуден өтіп, студенттерге қазіргі заманға сай жағдай жасалды. Кампустың аумағы абаттандырылып жатыр.
Университет ректоры білім беру мен ғылымның озық инфрақұрылымын заман талабына сай дамытуда әлі де ауқымды жұмыстар атқарылатынын айтты. Жатақханалар ескірген, көпшілігінде пайдалануға берілгеннен кейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Коммуникация жүйесі апаттық жағдайда. 15 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Соңғы студенттік жатақхана 1991 жылы салынып, пайдалануға берілген. Оқу ғимараттары тозған. Инженерлік желілер мен коммуникацияның жағдайы сын көтермейді. Жаңа ғимараттар мен жатақханалар қажет.
Осыған байланысты кампусты дамытудың 2025 жылға дейінгі жұмыс жоспары жасалды. Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығымен бірлесе жатақханалар салуға инвесторлар тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қазір бюджетке түсетін жүктемені азайтатын шетелдік инвестицияларды тартудың түрлі тетіктері қарастырылуда.
Биыл университет ұжымы 600-ден астам ағаш отырғызды, Елбасы саябағы, Ағаштар аллеясы ашылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі.