Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз мәслихатында ТМД миссиясының басшысы Игорь Петришенко ұйым Қазақстандағы сайлау процесін 19-рет бақылап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 161 халықаралық байқаушы аккредитациядан өткен. Бақылау жұмыстары Қазақстанның 9 өңірінде және шетелдегі 12 мемлекетте жүргізілуде. Осы уақытқа дейін байқаушылар 520-дан астам сайлау учаскесіне барған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Миссия басшысы өзіне ерекше әсер қалдырған бір оқиғаға да тоқталды. Оның айтуынша, сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беріп шыққан жас жігіт сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасап, қыз келісімін берген.
"Бұл жағдай Қазақстан жастарының электоралдық науқанға белсенді қатысып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар біз қоғамдық бақылаушылардың қатарында жастардың көп екенін байқадық. Жастар елдің болашағына бейжай қарамайды, оның дамуына алаңдайды. Меніңше, қабылданатын шешімдер Қазақстанның тұрақты әрі оң дамуына ықпал етеді", – деді Игорь Петришенко.
