Премьер-министр Олжас Бектенов жалпыхалықтық референдум қорытындысына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет басшысы өз мәлімдемесінде елдің Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
“Кеше жалпыхалықтық референдумда Қазақстан азаматтары ауызбіршілік пен нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшысының ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына жаппай қолдауын білдірді.
Біз сіздермен бірге ауқымы мен мән-маңызы тұрғысынан ел тағдырына қатысты тарихи оқиғаның тікелей куәгері болдық.
Президентіміз атап өткендей, қазақстандықтар жаңару мен жаңғыру үшін дауыс беріп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлестерін қосты”, — деді ол.
Сондай-ақ Олжас Бектенов еліміздің жаңа тарихы ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды дәріптей отырып, демократиялық қағидаттар негізінде қалыптасып жатқанын жеткізді.
“Жүргізіліп жатқан өзгерістердің сапасы мен даму қарқынын қамтамасыз ете отырып, бәріміз бірге алға қойылған мақсат-міндеттерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.
Барша қазақстандықтарды Отанымыздың Бірлігі мен Тәуелсіздігінің және Егемендігінің символы болып табылатын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын!”, — деді Үкімет басшысы.
