Еліміздегі референдум учаскелерінің ешқайсында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу дерегіне жол берілмеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін полиция қызметкерлері еліміз бойынша республикалық референдумның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. ҚР ІІМ дауыс беру аяқталғаннан кейін де қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастырды. Бұл туралы "Референдум – 2026" онлайн марафоны аясында ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев хабарлады.
Оның айтуынша, сайлау комиссияларының, байқаушылардың қауіпсіз жұмыс істеуіне және азаматтардың өз таңдауын еркін түрде жасауына барлық жағдай жасалған.
"Еліміздегі 10 мыңнан аса референдум учаскесінің ешқайсында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу дерегіне жол берілмеді. Қазір учаскелерде дауыстарды санау жұмыстары жүріп жатыр. Жағдай тұрақты және полицияның толық бақылауында. Дауыстарды санау аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері бюллетеньдер мен хаттамаларды өңірлік комиссияларға қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді", - деді ол.
